Павлодар облысында өрттің қауіпті деңгейі әлі де сақталуда
Республика бойынша ең көп өрт ошағы біздің облыста тіркелген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, генерал-майор Жасұлан Жұмашев айтты.
– Павлодар облысында өрт қауіптілігінің жоғары деңгейі екі айға созылды. Күніне 20-ға дейін түтін аумақтарының ошағына шығамыз. Егер республика бойынша 2 016 өрт ошағы болса, оның 588- і біздің облысқа тиесілі,– деді Жасұлан Жұмашев.
Спикердің айтуынша, облыс төңірегінде 214 табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар тіркеліп, 26 адам зардап шегіп, 12 адам қаза тапқан.
– Табиғи сипаттағы төтенше жағдай кезінде үш адам зардап шекті, оның ішінде бір бала мерт болды,– дейді Жасұлан Жұмашев.
Оның сөзінше, оқыс оқиғалардың саны былтырғы жылмен салыстырғанда 25 %-ға азайды. Өткен жылы 16 адам мерт болып, 91 адам зардап шекті. Жалпы жыл басынан бері департамент қызметкерлері 39 адамды құтқарып, 263 адамды эвакуациялап, 32 зардап шегушіге медициналық көмек көрсетті. Шомылу маусымы ашылғанға дейін жеті адам суға батып кетті.
Фото:Константин Шелков