Осы аптада павлодарлықтарды ең жарқын фестивальдер мен концерттер күтеді

Осы аптада павлодарлықтарды ең жарқын фестивальдер мен концерттер күтеді
Фото: Ольга Бугаева

Облыс орталығында тұрғындарға арналған түрлі форматтағы мәдени және спорттық шаралар ұйымдастырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

10-16 тамыз аралығында Ertis Promenade сахнасында спорттық сайыстар, фестивальдер, концерттер және ашық аспан астындағы би кештері өтеді.

Апталық бағдарлама 10 тамызда басталды. Кешкі сағат 20:00-ден 21:00-ге дейін «TOP STAR» фитнес-клубының жанында «Спорттағы Павлодар» жобасы аясында көпшілікке арналған түрлі жаттығулар ұйымдастырылады.

12 тамызда сағат 19:00-де жастарға арналған «CRMI FEST» фестивалі өтеді.

13 тамызда Железин ауданының шығармашылық ұжымдары өнер көрсетеді. 

Ал 14 тамызда сахна төріне Ақтоғай ауданының өнерпаздары шығады. Екі ауданның мәдени кеші сағат 19:00-де басталады.

15 тамыз спорттық және отбасылық белсенділікке арналады. Сағат 09:00-ден 13:00-ге дейін «Отбасы Fest» спорттық-отбасылық фестивалі өтеді. Одан кейін 16:00-ден 18:00-ге дейін «Tartyl Fest» турникке тартылудан жарысы ұйымдастырылады.

Кешке қала тұрғындары үшін ашық аспан астында дискотека өтеді. Музыкалық кеш 20:30-дан 22:00-ге дейін жалғасады.

Апталық шаралар легі 16 тамызда аяқталады. Сол күні сағат 19:00-де «BOO» тобының концерті өтеді.