Екібастұзда өзімен бірге кастет алып жүрген жасөспірім жазаланды

Ол суық қаруды сақтағаны үшін өкінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, Екібастұздағы сауда орталығының жанынан 17 жасар жасөспірімнің қалтасынан соққы-бөлшектеу әрекетінің суық қаруы деп танылған кастет табылды.
Жасөспірім өз кінәсін толық мойындады, жасаған ісіне өкінді.
Сот оны қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп тауып, 20 сағат мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны тағайындады.
– Оған жазаны өтеу шарттары түсіндірілді. Бұдан әрі онымен қылмыстық құқық бұзушылықтардың қайталануына жол бермеу туралы профилактикалық және тәрбиелік сипаттағы жұмыстар жүргізілетін болады, – деп атап өтті пробация қызметінің бастығы, әділет майоры Лаура Суханова.
Қазіргі уақытта сотталушы Екібастұз қаласының пробация қызметінің есебінде тұр.