Екібастұзда елге танымал қолөнер шеберінің жұмыстары ел назарына ұсынылды

Екібастұзда елге танымал қолөнер шеберінің жұмыстары ел назарына ұсынылды
Фото: Екібастұз тарихи-өлкетану мұражайы

Жиында шебердің туғандары мен шәкірттері естеліктерімен бөлісті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Екібастұз тарихи-өлкетану мұражайының мәлімдеуінше, қолөнер шебері Сәкен Құспекованың жүз жылдығына орай «Сәкен апа таңбасы – ою-өрнек» атты еске алу кеші өтті. 

Шарада Сәкен апамыздың өз қолымен тоқыған кілемдері мен немерелеріне тіккен киімдері және тағы да басқа көптеген жұмыстар көрермен назарына ұсынылды.

Қолөнердің хас шебері Сәкен Құспекованы еске алып, есімін ұлықтап, өнегелі өмір жолы мен шығармашылығын насихаттау, ұрпаққа үлгі ету мақсатында ұйымдастырылған еске алу жиынына балалары мен келіндері, немерелері, туған-туыстары мен шәкірттері және қаламыздың құрметті азаматтары қатысып Сәкен апамыз жайлы ғибратқа толы естеліктерімен бөлісті, – деді ұйымдастырушылар.

Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Медғат Манапов алыс-жақыннан келген қонақтарға, көрерменге ризашылығын білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, кеше Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайында шебердің 100 жылдығына орай «Қолөнері – таусылмас қазына» атты еске алу кеші өткен болатын.

Сәкен Құспекованың туындылары бүгінде Павлодар облыстық көркемсурет мұражайында, Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайында және Екібастұз тарихи-өлкетану мұражайында сақталған. Сонымен қатар, халық өнерінің туындылары Германия мен АҚШ мұражайларында қойылған.