Екібастұзда темір жол бойында күкірт қышқылы төгілді
Тасымалданып келе жатқан күкірттің жалпы көлемі 78 тоннадан асады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бүгін, яғни 28 тамыз күні сағат 16:40-та әскерилендірілген темір жол күзетінің кезекшісінен Екібастұз қаласы, Екібастұз-2 станциясы, № 6 жол цистернадан күкірт қышқылының ағып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Тасымалданатын күкірт қышқылының жалпы көлемі 78,3 тоннаны яғни 2 вагонды құрайды.
- Оқиға болған жерді полиция басқармасының, әскерилендірілген темір жол күзетінің қызметкерлері қоршауға алды. Сол жерде ЖАО, ТЖД, ҰҚК, прокуратура, ПЮ, СЭД қызметкерлері мен тасымалдаушы өкілдерінен тұратын жедел штаб құрылды, - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта цистернадан ағуды жою бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қышқыл төгілген жерді құммен және әкпен үйіп тастау жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, ҚТЖ-ға 300 келі әк жеткізілді.
- Қосымша Үшқұлын станциясынан 5 тонна әк жеткізу жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде Үшқұлын станциясынан транзиттік поезбен күкірт қышқылын жою үшін сыйымдылығы 65 тонна болатын екі қышқыл цистернасын жеткізу ұйымдастырылды. Сағат 21.00-дегі жағдай бойынша цистерналар жолда, - деп толықтырды департаментте.
Қышқылды басқа резервуарларға құю бойынша жұмыстарды жүргізбес бұрын ТЖД құтқарушылары күкірт ағып кеткен жерге таңғыш салу жұмыстарын жүргізуде.