Екібастұзда жедел жәрдемге жол бермеген жүргізуші жазаланды
Ер адам жедел жәрдемнің қабылдау бөлмесіне кіру жолын жауып тұрған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Екібастұз қаласы полиция басқармасының кезекші бөліміне орталық қалалық ауруханадан автокөлікті жолдан алып тастау туралы қоңырау түскен.
– Шақыруға келген патрульдік қызмет қызметкерлері автокөлік жүргізушісін анықтады. Осы бұзушылық үшін «Toyota» маркалы автомашинаның жүргізушісі ҚР ӘҚБтК 601-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, үш АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, – деп хабарлады баспасөз қызметінде.
Жыл басынан бері жол белгілерімен немесе жолдың жүру бөлігін белгілеумен белгіленген талаптарды сақтамағаны үшін барлығы 8324 құқық бұзушы жауапқа тартылды.
Автокөлік иелері көбінесе жедел жәрдемге жол бермей, қозғалыс ережелерін бұзып қана қоймай, жедел жәрдемнің қозғалысына және үйлердің аулаларына, медициналық мекемелерге кіруге кедергі келтіріп, біреудің жағдайына бей-жай қарайды.
Кептелісте тұрған жедел жәрдем көлігі науқасқа шұғыл көмек немесе жедел ауруханаға жатқызу қажет болған кезде уақытты жоғалтады.
ЖЖЕ 6-бабының 6.2-тармағына сәйкес, көк түсті жарқылдауық маяктары мен арнайы дыбыстық сигналдары қосылған көлік құралдары жақындаған кезде жүргізуші осы және олармен бірге жүретін басқа да көлік құралдарының кедергісіз өтуін қамтамасыз ету үшін жол беруге міндетті.
Мұндай бұзушылық үшін ҚР ӘҚБтК-нің 598-бабы бойынша 7-ден 15 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл қарастырылған.
Полиция жүргізушілерге жол жүру ережелерін қатаң сақтау туралы ескертеді.