Шығармашылық өрбитін алаң: Павлодарлық галереяда мерейтойлық көрме өтеді
25 жыл ішінде «Айна» галереясында жүзден астам көрме қойылып, отыздан аса суретшінің жұмыстары жұртшылық назарына ұсынылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың «Айна» галереясында мерейтойлық көрме қойылады.
– Галереяның ашылуынан 25 жыл өтті. Оның негізгі міндеті жас суретшілерді қолдау болды. Дәл осы «Айна» галереясында алғаш рет Евгений Фридлин, Наталья Решетова, Зура Асылғазина, Жеңіс Молдабеков, көркемөнер колледжі, мектептің оқытушылары мен тәрбиеленушілері, «Орион», «Вега», «F2» студияларының фотографтары өздерінің жеке көрмелерін өткізген, – деді кітапханада.
Сондай-ақ, алғаш рет «Немалевичи» акварельдік студиясының «гризайль» техникасында көрмесі ашылған болатын.
– Мерейтойлық көрме экспозициясына 25 жыл бойы галереяға қойылған 30-дан астам суретшінің жұмыстары мен 20-дан астам фотожұмыс кіреді. Осы жылдары «Айна» галереясының ішінде 100-ден астам көрме өтті және көптеген шығармашылық тұлғалар үшін бастапқы алаңға айналды, – деп атап өтті кітапханада.
Көрменің салтанатты ашылуы 27 желтоқсанда 15:00-де болады. Павлодарлықтар экспозицияларды 10 қаңтарға дейін тамашалай алады.