Павлодар облысында туристер көп келетін ауылдың әкімі сайланды

Баянауыл аудандық аумақтық сайлау комиссиясы сайлау қорытындысын шығарды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
900-ден астам адам тұратын Торайғыр ауылдық округіне Торайғыр, Қызылшілік және Александровка ауылдары кіреді. 27 сәуірде Баянауыл ауданының Торайғыр ауылдық округі әкімінің сайлауы өтті. Сайлаушылар тізіміне 633 азамат енгізілді. Дауыс беруге 366 сайлаушы, оның ішінде дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс 5 сайлаушы қатысты. Жалпы екі кандидат арасында сайлау жүргізілді.
Сайлау қорытындысы бойынша Торайғыр ауылдық округінің әкімі ретінде 1964 жылы туған бұған дейін де округтің әкімі болған Мұхтар Молшин сайланды.
Бұл лауазымды ол 2021 жылдың мамыр айынан бастап атқаруда, алдымен ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы болды.
Сайлауда оны «AMANAT» партиясы ұсынды.
ҚР Жергілікті өзін өзі басқару туралы заңға сәйкес әкімдер төрт жыл мерзімге сайланады.
Еске сала кетейік, жыл соңына дейін аймақта тағы 48 ауыл басшысы қайта сайланады. Жалпы Павлодар облысында барлығы 126 ауыл әкімі жұмыс істейді. Олардың 23-і – әйел адам.
Бұдан бөлек, өңірде мемлекеттік қызметшілерінің штаттық саны 4 079 адамды құрайды. 344 бос орын бар.