Екібастұзда жүзу орталығында күніне 200 баладай қабылдайды
Нысан бес жылдай бос тұрған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапары барысында 2019 жылдан бастап бос тұрған жүзу орталығында болды.
– Күніне 200 балаға дейін, ал аптасына 2500 балаға дейін қабылдай алады. Қазіргі таңда 90 баланы қабылдадық, олар медициналық тексеруден өтіп жатыр. Жүзуді білмейтін балаларға жүзу үйретіледі, арнайы бапкер бар, үйрету тегін. Ал жүзе алатын балалар белгіленген уақытта келеді. Судың жылулығы – 28 градус, балалардың келуіне ешқандай шектеу жоқ, – дейді қалалық білім беру бөлімінің қызметкері.
Одан бөлек, орталықта инклюзивті 500 бала бар, олардың 225-і мектеп жасында. Олар үшін медициналық кабинет жабдықталып, 180 келіге дейінгі салмақты көтере алатын арнайы кресло бар. Оның көмегімен баланы суға түсіруге болады.
Асайын Байханов былтырдан бері ата-аналар мен педагогикалық қауым орталықтың құрылысына қатысты өтінішпен жүгінгенін атап өтті.
– Қала әкімімен бірге шешім қабылдаған болатынбыз. Бірінші жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге жарты жыл кетті, кейін бір жылдай уақыт аралығында жаңғыртылды. Бұрыннан босап тұрған орталықтың құрылысы жуырда аяқталды. Бұл – бұқаралық спортты дамытуға бағытталған бастамалардың бірі. Балалардың игілігіне жұмыс істейтін ғимараттың бірі болады деп сенемін, – деді облыс әкімі.
Аталмыш жұмыстарға облыстық бюджеттен 182 миллион жұмсалды.
Еске сала кетейік, 66 аулада балалар ойын алаңы құрылып, 20 футбол алаңы жаңадан салынды. Қосымша 10 хоккей корты салынып жатыр, оларды қараша айына дейін аяқтау жоспарлануда.