15 адам эвакуацияланды: Екібастұзда болған өрттің мән-жайы анықталды
Өрттің шығу себебі анықталуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұз ТЖ басқармасының мәліметінше, 2023 жылғы 3 сәуірде сағат 16:20-да Матросов көшесі, 9-үй мекенжайы бойынша өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Өрт сөндіру бөлімшелері келген кезде бесінші қабаттағы пәтерден түтін шығып жатқан.
Өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін 15 адам өз бетінше эвакуацияланды, оның ішінде бесеуі – бала.
- 12 шаршы метр аумақтағы бөлмелердің бірінде жиһаз, үй заттары өртенді. Өрт салдарынан үйлердің кіреберістеріне түтін тез тарады. 2-МӨСБ бөлімінің командирі азаматтық қорғау старшинасы Асылхан Сартымбеков, 2-МӨСБ аға өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау кіші сержанты Роман Пронченко және 6-ӨСБ қарауыл бастығы азаматтық қорғау капитаны Руслан Бутенов «Respihood» құтқару қалпақшасының көмегімен баспалдақ шеруімен 3 ер адамды құтқарды, - дейді 2-МӨСБ бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры К.Жұмабай.
Өрт сағат 17:05-те толық сөндірілді. 2-МӨСБ және 6-ӨСБ № 2 кезекші ауысымның жедел және үйлесімді әрекеттерінің арқасында зардап шеккендер жоқ.
Өртті сөндіруге 12 қызметкер мен үш техника жұмылдырылды.
Естеріңізге сала кетейік, «103» бригадасы оқиға орнында бес минуттан кейін болды. 1961 және 1992 жылы туған екі адам Екібастұз қалалық ауруханасына жеткізілді.