Павлодарлық кәсіпкерлерге баға бұзушылығынан сақ болу ескертілді

Павлодарлық кәсіпкерлерге баға бұзушылығынан сақ болу ескертілді
Фото: облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы

Облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында сауда және қызмет көрсету кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Кездесу барысында бизнес өкілдеріне әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің талаптары, ішкі сауданы жүргізу ережелері мен отандық өндірушілерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары түсіндірілді.

Облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Дәулен Қабдушевтің айтуынша, сауда саласында бірқатар заңнамалық өзгерістер енгізілген.

– Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін бекітті. Тізімге 19 атау кіреді және заңнамаға сәйкес, бұл тауарларға сауда үстемесі өндірушінің босату бағасынан немесе жеткізушінің бағасынан 15 пайыздан аспауы тиіс. Егер бұл көрсеткіштен асып кетсе, біз уәкілетті орган ретінде кәсіпкерлерді жауапкершілікке тартамыз. Алғаш рет бұзушылық анықталса – айыппұл 150 АЕК дейін, ал қайталанса – 300 АЕК-ке дейін жетеді, – деді Дәулен Қабдушев.

Департамент қазіргі таңда баға белгілеу саласында жиі кездесетін үш негізгі заң бұзушылық түрін анықтап отыр. Олар – тауарда бағаның мүлде көрсетілмеуі, касса мен баға жапсырмасындағы айырмашылықтар және бағаның теңгемен емес, өзге валютамен көрсетілуі.

Аталған мәселелер бойынша тексерулер азаматтардың шағымдары негізінде жүргізіледі. Мұндай жағдайда айыппұл көлемі 30 АЕК-ке дейін, ал бір жыл ішінде қайталанған жағдайда – 200 АЕК-ке дейін өсуі мүмкін.

Жиын барысында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» облыстық филиал директорының орынбасары кәсіпкерлерге қор бағдарламалары аясында жеңілдетілген несие алу мүмкіндіктерін түсіндірді.

Еске сала кетейік, бұған дейін қала дүкендерінде картоп екі есе жоғары бағамен сатылғаны анықталған еді.