Екібастұздағы елді мекеннің 90 жылдық мерейтойында бас бәйгеге автокөлік тігіледі

Одан бөлек мотоцикл, скутер, электромобиль және қаржылай марапат беріледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Атамұра» мәдниет орталығының мәліметінше, 3 тамыз күні Ақкөл ауылының 90 жылдық мерейтойы аталып өтеді.
Мерейтойда Қазақстан эстрадасының жарық жұлдыздары – Қуандық Рахым және Мәдина Сәдуақасова, Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі, ҚР Қарулы күштерінің Ұлттық патриоттық орталығының солисті Дәурен Төлеубаев және облыстық филармония, Баянауыл, Ертіс, Ақтоғай аудандары мен қала өнерпаздары өнер көрсетеді.
– Сонымен қатар, ұлттық ат спорт түрі көкпардан ақтық ойын сағат 14:00-ден 15:00-ге дейін өтеді. Жүлде қоры: 1 орын – автокөлік, 2 – орын – 500 мың теңге, 3 – орын - 300 мың теңге, – деді ұйымдастырушылар.
Сағат 15:00-ден бастап бәйге ұйымдастырылады.
Бес шақырымдық тай жарыс және 9 шақырымдық құнан бәйгенің жеңімпаздары мотоцикл ұтады. Тоқ бәйгеден 18 шақырымды еңсерген шабандоз автокөлік, сондай-ақ, 25 шақырымдық аламан бәйгеде де темір тұлпар беріледі. 1,2,3,4,5 орындарға келген спортшылар да жүлдесіз қалмайды.