Қазақстанда екі жүзден астам жаңа мектеп салынып жатыр

Қазақстанда екі жүзден астам жаңа мектеп салынып жатыр
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жаңа білім ошақтарында STEM-зертханалар, робототехника кабинеттері мен бірнеше спорт залы қарастырылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің білім беру саласында ауқымды инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып жатыр. Негізгі мақсат – үш ауысымды оқыту мәселесін шешу, оқушы орындарының тапшылығы мен апатты мектептерді жою.

Қазір өңірлерде 267 мың оқушыға арналған 232 жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Биыл 157 мың оқушыға арналған 105 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Оның ішінде 135 мың оқушыға арналған 71 мектеп «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынды. Жаңа мектептердің басым бөлігі Түркістан, Маңғыстау, Алматы, Ақтөбе және Жамбыл облыстарында орналасқан.

– Аталған ұлттық жоба аясында жалпы 460 мың орынға арналған 217 заманауи мектеп салу жоспарланған. Оның 40%-дан астамы ауылдық жерлерде бой көтеруде. Жаңа форматтағы мектептер бұрынғы типтік нысандардан едәуір ерекшеленеді: олардың жалпы аумағы 15–20%-ға кең, ал техникалық жабдықталу деңгейі төрт есе жоғары. Әр мектепте робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар, хореография залдары, коворкинг аймақтары және төртке дейін спорт залы қарастырылған, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда орналасқан 1000 мектеп жаңғыртылып жатыр. Бағдарлама аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жиһаздар, кітапханалар, асханалар мен қауіпсіздік жүйелері жаңартылуда. Бұл өз кезегінде еліміздің барлық өңірлерінде балаларға жайлы әрі қауіпсіз білім алу жағдайын қамтамасыз етеді.

Келесі кезеңде мектептердің инфрақұрылымын бірыңғай заманауи форматқа көшіру жұмыстары жалғасады. Президенттің тапсырмасына сәйкес мектептерді реновациялаудың ауқымды бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оның аясында ғимараттардың қасбеттері мен шатырлары жаңартылып, терезелер ауыстырылуда, инженерлік желілерге күрделі жөндеу жүргізіліп, аумақтар абаттандырылып, көгалдандырылып жатыр.