«Ертіс орманы» резерватында екі өрт сөндіру станциясы салынып жатыр
Бүгінде екі жерде де құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында бой көтеріп жатқан екі модульдік өрт сөндіру станциясы Бесқарағай филиалының Маралды орманшылығында және Шалдай филиалының Жерді алаң орманшылығында бой көтеруде.
– Жоба орман қорын өрттен қорғауды күшейтуге бағытталған. Станциялар өрттің алдын алу және төтенше жағдай туындаған кезде оған жедел әрекет ету мүмкіндігін арттырады. Бұл әсіресе өрт шығу қаупі жоғары орман алқаптары үшін маңызды, – дейді резерваттағылар.
Жоба «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының атынан Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қорының демеушілік қолдауымен жүзеге асырылуда.
Мамандардың айтуынша, әр станция резерват есебінен арнайы техникалық жабдықтармен қамтамасыз етіледі.
Атап өтерлігі, қордың қолдауымен резерват аумағындағы 450 гектар жерге екі миллион кәдімгі қарағай көшеті отырғызылды. Оның бір бөлігі өткен жылдары орман өрттерінен зардап шеккен учаскелерге егілген.
Жас ағаштар топырақ эрозиясы мен шаңды дауылдардың алдын алуға, өңірдің табиғи тепе-теңдігін сақтауға және орман экожүйесін қалпына келтіруге ықпал етеді. Көшеттерге тұрақты күтім жасалып, олардың жерсіну деңгейі бақылауда болады.
Осылайша, резерватта орманды қалпына келтіру және өрттен қорғау шаралары қатар жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар өңірдің табиғи байлығын сақтауда ерекше мәнге ие.
