«Ертіс» астаналықтардың тас-талқанын шығарды

«Ертіс» астаналықтардың тас-талқанын шығарды
Фото: «Ертіс» ФК

Сергей Якушин шәкірттері алдыңғы турдағы сәтсіздікті шуып-шайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

«Жеңіс» жастар командасы бес дүркін чемпионға лайықты қарсылық көрсете алмады. Ол былай тұрсын, астаналықтар ебедейсіз қимылдарымен үшінші турда жеңіліп, алғашқы минутта толқу үстінде болған «Ертістің» ойыншыларына жігер қосып, өз күштеріне деген сенімдерін мығымдады. 

Қай кездегідей, сол қанатта Владимир Воменко белсенді болды. Соның қимылдары «Жеңіс Ж» қақпашысы мен қорғанысының мазасын қашырды. Ақыры голкипер қателесіп, Изат Күлжанов есеп ашты. Артынша «Ертіс» ойыншылары ойын тізгінін түгелдей қолға алып, есепті 5:0-ге жеткізді. Екі-екі голдан Арман Смайылов пен Әмір Мұралинов соқты.

Келесі кездесуді командамыз өз алаңында 1 мамырда өткізеді. Қарсылас – талдықорғандық «Жетісу Ж».

Айта кетейік, «Ақсу» өз матчын Павлодарда өткізіп, 1:4 есебімен «Шахтер Ж» командасына жол берді. Рахман Асуханов шәкірттері келесі ойынды Өскеменде жергілікті «Алтай» жастарына қарсы өткізеді.