Қазақстан Халық кеңесі Павлодарда азаматтық қоғам өкілдерімен диалог орнатуда

Қазақстан Халық кеңесі Павлодарда азаматтық қоғам өкілдерімен диалог орнатуда
Фото: автор

С.Торайғыров атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында азаматтық қоғам өкілдері мен жастар ұйымдарының қатысуымен кездесу өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews тілшісі. 

Жиынға Қазақстан Халық кеңесі қоғамдық бастамаларды дамыту комитетінің төрағасы Вера Ким бастаған делегация қатысты. Кездесудің басты мақсаты – өңірдегі үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау, қоғамдық бастамаларды талқылау және оларды жүзеге асыру жолдарын қарастыру.

Вера Ким азаматтық қоғам өкілдерінің ел дамуына қосып жүрген үлесін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, қоғамдық ұйымдар өздерінің мақсатты аудиториясына қолдау көрсетіп қана қоймай, жастарға да үлгі болып келеді.

–  Қазақстан Халық кеңесі – жаңадан құрылған жоғары консультативтік орган. Мемлекет басшысы атап өткендей, оның негізгі міндеттерінің бірі – халық пен мемлекеттік органдар арасындағы алтын көпірге айналу. Кеңес азаматтардан, қоғамдық ұйымдардан және бастамашыл топтардан түскен ұсыныстарды жинақтап, қоғамдағы жүйелі мәселелерді шешуге бағытталған жобалар мен заңнамалық бастамаларды қарастырады, – деді Вера Ким.

Биыл 22 қыркүйекте Мемлекет басшысы Кеңестің 126 адамнан тұратын құрамын бекітті. Оның құрамына еліміздің барлық өңірлерінен қоғамдық ұйымдардың, қоғамдық кеңестердің, мәслихаттардың, жастар ұйымдарының және этномәдени бірлестіктердің өкілдері енген.

Құрылымдық тұрғыдан кеңес үш негізгі комитеттен тұрады. Олар – қоғамдық бастамаларды дамыту, өңірлік даму және жергілікті өзін-өзі басқару, сондай-ақ этносаралық және конфессияаралық өзара іс-қимыл бағыттары.

Вера Ким басқаратын Қоғамдық бастамаларды дамыту комитетінің жұмысы әлеуметтік саланың кең ауқымын қамтиды. Атап айтқанда, білім беру, ғылым, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, жастар саясаты, отбасы мәселелері, аға буын өкілдерін қолдау, сондай-ақ жасанды интеллект пен цифрландыру бағытындағы бастамалар қарастырылады.

Комитет төрағасының мәліметінше, небәрі бір жарым ай ішінде комитетке 220-дан астам түрлі бастама түскен. Олардың қатарында шағын жобалар мен іс-шаралардан бастап, ауқымды қоғамдық жобалар мен заңнамалық ұсыныстарға дейін бар.

Сонымен қатар, азаматтардың ұсыныстарын қабылдауға арналған арнайы ақпараттық платформа әзірленген. Қазір ол сынақ режимінде жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта платформа көпшілікке қолжетімді болады. Түскен ұсыныстар тақырыптары мен бағытына қарай сұрыпталып, тиісті комитеттерге жолданады.

– Біз үшін жекелеген адамның жеке мәселесінен гөрі, қоғамдағы ауқымды әрі жүйелі проблемаларды шешуге бағытталған бастамалар маңызды. Азаматтар нақты ұсыныс, жоба немесе заңнамалық бастама ұсына алады. Сонымен қатар, бастаманы жүзеге асыруға өздері де қатысуға дайын болса, оны да көрсетуі қажет. Өйткені біз авторлармен байланысып, оларды сарапшы немесе жобаны іске асырушы ретінде жұмысқа тартуды көздейміз, – деді комитет төрағасы.

Кездесу барысында жастармен жұмыс мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қараша айының басында Петропавл қаласында өткен жастар форумында Қазақстан Халық кеңесінің жастар моделін құру бастамасы көтерілген. Жаңа жастар қозғалысының құрамына еліміздің барлық өңірінен 126 жас өкіл енгізу жоспарланып отыр. Әр өңірден шамамен үш адамнан қатысады. Олардың қатарында білім беру, саясат, спорт, мәдениет, депутаттық корпус және жұмысшы мамандықтарының өкілдері болады.

Бұл бастама жастардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуына, жастар саясатына қатысты мәселелерді талқылауға және оларды шешуге атсалысуына мүмкіндік бермек.

Вера Кимнің айтуынша, Кеңес өңірлерде сынақтан өтіп, тиімділігі дәлелденген жобаларды басқа аймақтарға да таратуға мүдделі. Осы ретте Павлодар облысындағы үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдерін өздерінің тәжірибесі мен ұсыныстарын ортаға салуға шақырды.

Кездесу ашық диалог форматында жалғасып, қатысушылар қоғамдық бастамаларды қолдау, өңірлік жобаларды дамыту және азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты нығайту мәселелерін талқылады.