Павлодарда облыс әкімінің атынан балаларға жаңа жылдық сыйлықтар табыс етілді

Павлодарда облыс әкімінің атынан балаларға жаңа жылдық сыйлықтар табыс етілді
Фото: Константин Шелков

Аталмыш шараға 150-ге жуық бала шақырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Ертіс» мейрамханасында облыс әкімі Асайын Байхановтың жаңа жыл мерекесі қарсаңында балаларға арналған шыршасы ұйымдастырылды.  

24 желтоқсан күні президентіміздің жаңа жылдық мерекелік іс-шарасы ұйымдастырылса, бүгін облыс әкімінің атынан өткізілуде. 

– Екі шырша мерекесіне 5-13 жас аралығындағы 150 баладан қатысты. Нақтырық айтқанда, бұл мерекелік іс-шараларға балалар үйінің тәрбиеленушілері, ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалар, ата-ана қарауынсыз қалған балалар қатысты, – дейді облыстық білім беру басқармасы балалардың құқығын қорғау және инклюзивтік білім беру бөлімінің басшысы Гүлмира Байғазинова.

Шара барысында Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының актерлары түрлі ойындар ойнатып, ертегі кейіпкерлеріне еніп, балалармен бірге түрлі жұмбақтарды бірге шешті. 

– Сіздермен осы жерде кездескеніме өте қуаныштымын. Жаңа жыл – баршамыз асыға күтетін жарқын мерекелердің бірі. Сіздер жарқын болашағымыздың тірегісіздер. Сондықтан, биіктерден көрініп, еліміздің алда ұстар азаматтары болыңыздар, – деді Асайын Байханов.

Айта кету керек, шара соңында облыс әкімінің атынан шараға қатысқан әр балаға 130 мың теңгелік сыйақылар, жұмсақ ойыншықтар мен тәттілер  табысталды.