Павлодарлықтар саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды
Шараға «Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері мен оқушылар қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Д.Әбілев атындағы көпшілік кітапханада №17 ЖОМ 7-сынып оқушыларымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған іс-шара өтті. Елімізде 1997 жылдан бастап 31 мамыр Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде атап өтіледі. Бұл күні сталиндік қуғын-сүргін, аштық және депортация жылдарында жазықсыз қаза тапқан адамдар жайлы айтылып, тарих бетіндегі зобалаң жыл туралы кеңінен жас ұрпаққа баяндалады.
Тарихшылар қазақ халқының шамамен 2 млн. өкілі 1931-1932 жылдардағы жаппай ашаршылықтың құрбаны болғанын, сонша адам ата-баба жерінен кетуге мәжбүр болғанын айтты.
Іс-шараға еңбек ардагерлері, «Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ермек Жұматов және бірлестіктің басқа да мүшелері қатысты. Қонақтар ел тарихының қайғылы беттері туралы айтып, миллиондаған адамдардың негізсіз айыпталғанын тілге тиек етті.
Олардың мейірімділікке, әділдікке, патриотизмге негізделген өмірі еліміздің жас ұрпағы үшін үлгі өнеге болып табылады. Қатысушыларға сталиндік лагерьлердің қасіретін сезінген жазушылар мен ақындардың кітаптары беріліп, олардың шығармалары оқылды.
«Біз саяси қуғын-сүргін мен ашаршылықтың жазықсыз құрбандарының жарқын бейнесі алдында басымызды иеміз. Сендер өткен тарихты есте сақтауларың керек, толерантты және ұйымшыл болуларың керек, - деді Ермек Жұматов.
Шараға қатысушылар осы тақырыпқа арналған бейнефильмді тамашалады.