Павлодарлықтар референдумға атаулы шақырулар алады
Әрбір қазақстандық «қолдап» немесе «қарсы» дауыс бере алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнар Аманжолова учаскелік референдум комиссиялары павлодарлықтарға дауыс беру күні мен уақыты туралы хабарлайтынын атап өтті.
– Павлодар облысының әрбір тұрғынына атаулы шақырулар жеткіземіз, – деді ол.
6 қазанда өңірде дауыс беру 520 учаскеде өтеді.
– Олар бірінші қабаттарда орналасқан, пандустармен жабдықталған және тактильді тұтқалар, бағыттаушы жолақтар бар, – деп қосты Гүлнар Аманжолова. – Барлық учаскелерде мүгедектігі бар адамдар үшін компьютер, құлаққап, лупа, референдум материалдары қолжетімді форматта орналастырылатын бұрыштар қойылады. Бұл – үлкен қаріппен мәтіндік ақпарат, нашар көретіндер үшін – аудиоролик.
Өңірде 46 адам Брайль шрифті бойынша оқиды, олар арнайы бюллетеньдермен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, облыстың мүлдем естімейтін және нашар еститін тұрғындарына көмек көрсету үшін сурдоаудармашыларды тарту жоспарлануда. Қалаларда инватакси жұмысы ұйымдастырылады.