Ежелгі майя ит саудалаған
Зерттеушілердің айтуынша, жануарлар ет үшін емес, басқа мақсатта тасымалданған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ежелгі майя өркениетінің сауда жолдары Орталық Американың кең аумағын қамтып, түрлі тауарларды тасымалдауға пайдаланылған. Ғалымдардың жаңа зерттеуі қазіргі Мексиканың оңтүстігіндегі таулы аймақтарға иттердің жүздеген шақырым қашықтықтан жеткізілгенін көрсетті. Зерттеушілердің айтуынша, жануарлар ет үшін емес, басқа мақсатта тасымалданған.
Ұзақ уақыт бойы майя халқы жануарларды тек азық ретінде немесе діни-ритуалдық бейнелерде пайдаланған деген пікір қалыптасқан еді. Алайда 2010 жылдардың ортасында изотоптық талдау әдістерінің дамуы нәтижесінде Теотиуакан қаласында бүркіт, пума және ягуар секілді жыртқыштардың қолға үйретіліп, жүгерімен қоректендірілгені анықталды. Кейін археологтар жануарлардың алыс аймақтарға жеткізілгенін дәлелдейтін деректерге де тап болды.
Халықаралық ғалымдар тобы Чьяпас штатындағы екі көне қонысты зерттеген. Ежелгі дәуірде бұл өңір майя әлемінің батыс шекарасы саналып, құрлықтағы сауда жолдарымен танымал болған. Моксвикиль мен Тенам-Пуэнте таулы аймақта орналасқан шағын қалалар болған. Зерттеу нәтижелері Journal of Archaeological Science журналында жарияланды.
Жануарлардың қай жерде туғанын анықтау үшін мамандар стронций изотоптарына талдау жасаған. Бұл элементтің топырақтағы, судағы және өсімдіктердегі мөлшері аймақтың геологиялық ерекшелігіне байланысты өзгереді. Стронций азық арқылы сүйек пен тістерде жиналып, жануардың өскен өңірі туралы ақпарат береді.