Еңбек даулары мен жанжалдарды шешу тәртібі қалай өзгерді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қоғамдық кеңесі еңбек дауларын шешу тәртібін жетілдіру бойынша ҚР Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістерді талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің директоры Данат Нәбиевтің айтуынша, ақпан айында қабылданған өзгерістер келіссөздерді ұйымдастыру рәсімін жеңілдетуге, келісім комиссиялары мен еңбек төрелігі институтын күшейтуге, сондай-ақ еңбек дауларын шешудегі кәсіподақтар рөліне бағытталған.
«Келісім комиссиясының жұмысына қатысты бірқатар нормалар белгіленді: жұмыс берушіге жұмыскерді келісім комиссиясының жұмысы туралы келісіммен таныстыру және жиналыстар өткізу үшін қажетті жағдайлар жасау жөніндегі міндеттерді бекітуден бастап, жеке еңбек дауларын қарау кезінде келісім комиссиясын қалыптастыру тәртібі мен қызметін анықтауға дейін нормалар бар», - деді ол.
Сондай-ақ, келісім комиссиясының шешімін орындаудың ең ұзақ мерзімі (шешім шығарылған күннен бастап 1 ай) белгіленді, еңбек арбитражын құру мерзімі екі күнге дейін қысқартылды, оның құрамына әлеуметтік әріптестік тараптарының атынан өкілдік ететін үшжақты комиссиялардың мүшелері міндетті түрде енгізілуі тиіс.
Оған қоса, заңнамада еңбек арбитражы ұжымдық еңбек дауын қарау кезеңінде 50 жұмыскерден аспайтын бір сағаттық ескерту ереуілін өткізуге, ереуілді тек кәсіподақтар немесе сайланбалы өкілдер арқылы өткізуге құқықтар бекітілген.