Германияда жанармай бағасын күніне бір рет қана көтеруге рұқсат берілуі мүмкін
Германия үкіметі бензин мен дизель бағасының өсуін шектеу үшін жанармай құю бекеттеріне бағаны күніне бір рет қана көтеруге рұқсат беретін жаңа ереже енгізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат DW-ге сілтеме жасап.
Бұл туралы елдің экономика министрі Катарина Райхе мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, жанармай бағасын төмендетуге тәуліктің кез келген уақытында рұқсат беріледі. Алайда жаңа норманың нақты қашан күшіне енетіні әзірге белгісіз.
Иран төңірегінде соғыс басталғалы бері Германияда жанармай бағасы 12 күн қатарынан өсіп, бір литрі 2 еуродан асты.
Бірнеше партияның саясаткерлері бұл жағдайды сынға алып, бағаның тым тез көтерілгенін айтты. Олардың пікірінше, күн сайын жұмысқа қатынайтын адамдар артық төлеуге мәжбүр болып отыр.
Сонымен қатар Германия үкіметі жанармай нарығына бақылауды күшейту үшін картельдік ведомство мен монополияға қарсы қызметтердің өкілеттігін арттыру мүмкіндігін де қарастырып жатыр.