Германияда әуе қатынасы тоқтады
Германияда әуежай қызметкерлері ереуілге шықты, деп хабарлайды 24.kz.
Елдегі 2 ірі - Кельн және Дюссельдорф әуе айлағының қызметкерлері жұмысқа шығудан бас тартты. Ресми ақпарат бойынша ереуіл салдарынан 300-ден астам рейс тоқтатылды. Аталмыш әуе айлақтарына қонуы тиіс ұшақтар көрші қалаларға бет алды. Ал, жолынан тосылған жолаушыларға пойыз қызметін қолдануға тура келді.
Кәсіподақ өкілдерінің мәліметінше, ереуіл дәл бір тәулікке созылады. Елдегі ірі "Верди" кәсіподағының әуе диспетчерлері жалақыны 10 пайызға арттыруды талап етуде. Яғни қызметкерлер айына шамамен 500 еуро үстеме ақының қосылғанын қалап отыр. Сонымен қатар олар демалыс күндері жұмысқа шыққаны үшін де бөлек ақы төленуі тиіс дейді.
– Наурызда біз жұмыс берушілермен келіссөз жүргіземіз. Мақсатымыз – ортақ мәмілеге жету, бірақ егер жұмыс беруші біздің талаптардан бас тартса, өз құқығымызды әрі қарай қорғай бермекпіз! – дейді кәсіподақ өкілі Озай Тарим.
Айта кетерлігі, бұл – жыл басынан бері әуежай қызметкерлері жасаған үшінші ереуіл. Бұған дейін Мюнхен мен Берлиндегі әуе қызметкерлері де наразылық білдірген. Барлығы 3 мыңнан астам рейс тоқтатылды. Келіссөздердің келесі кезеңі 27 наурызға жоспарланған.