Павлодар облысында студент қыздың оқу ақысын төлеу мәселесі сот арқылы шешілді
Железин аудандық сотында алимент өндіру туралы талап арызы бойынша азаматтық іс қаралды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, талапкер студенттің күндізгі бөлімде оқитынын, ал жауапкер оның оқу кезінде, яғни 21 жасқа толғанға дейін алимент төлегісі келмейтіні туралы арыз түсірген.
– «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 141-бабының 2-тармағына сәйкес, жоғары, техникалық және кәсіби білім беру жүйесінде күндізгі бөлімде 21 жасқа дейін оқитын балаларға алимент төлеу бойынша келісім болмаған жағдайда қаражат сот тәртібімен өндіріп алынады. Сот талқылауы барысында тараптар медиациялық келісімге келу туралы өтініш берді, – дейді баспасөз қызметінде.
Сот дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекітті. Талапкер талаптардан бас тартты, ал жауапкер 2024 жылдың маусым айына дейін білім алатын мерзімде оның есеп шотына ай сайын 6 АЕК көлемінде алимент аударып отырады.
Соттың қаулысы заңды күшіне енді.