Кітап оқитын баланы қалай тәрбиелеу керек? Павлодарлық педагог-психологтан кеңес
Кітап оқу – баланы ойлауға үйретеді, есте сақтауын, қиялын дамытады. Сондай-ақ, сөйлеу қабілеті мен ой-өрісін кеңейтеді.
@Pavlodarnews.kz тілшісі баланың кітап оқуға деген қызығушылығын қалай оятуға болатыны жайлы маманнан сұрастырып білді.
М. Әлімбаев атындағы мектептің педагог-психологы Айдана Диханованың айтуынша, кітап оқуға қызығушылық кішкентай кезден қаланады.
Баланың оқуға деген көзқарасы көбінесе ересектерге, яғни ата-анасына байланысты.
– Оқыған кітаптар жайлы жиі сөз қозғап, баланы мақтаған жөн. Дәйекті түрде оқыған дұрыс, беттен басқа бетке секірмей немесе бірден тек соңын оқыған дұрыс емес. Сондай-ақ, баланың назарын шығарманың мәнерлілігіне, оның жарқын бейнелі тіліне аудару керек. Оған қоса, ересектер балаға дауыстап оқуды тоқтатпауы тиіс. Балалар ата-аналардың оқығанын көргені дұрыс. Себебі, балалар еліктегенді ұнатады, – дейді Айдана Диханова.
Сондай-ақ, ата-ана балаға өзінің бала кезінде оқыған кітаптар туралы айтып беруіне болады. Ол кітаптардың сіздің өміріңізде қандай рөл атқарғаны, қалай әсер еткені жайлы айтып, сенімді қарым-қатынас орнатқан жөн.
Балалар кітаптары түрлі-түсті әрі суреттермен безендірілген болуы керек.
Себебі, кітап оқылмас бұрын қызығушылық тудырғаны жөн. Бірақ сонымен бірге кітаптар тек иллюстрациядан тұрмауы қажет, өйткені олардың мағынасы суреттер арқылы түсінікті болуы мүмкін. Оны түсінгеннен кейін бала оқығысы келмейді, қызығушылығы жоғалады. Кітаптың шағын тарауларға бөлінгені немесе шағын әңгімелерден тұрғаны дұрыс.
Үйде балалар кітапханасы болуы керек.
Міндетті түрде үлкен емес: арасында толықтырылып тұратын шағын кітап сөресі. Баланың оқуға қызығушылығын тудыру үшін кітаптардың арасында көркем әдебиет, энциклопедиялар, сөздіктер болғаны жақсы.
Оқырман күнделігін бастауға кеңес берген жөн.
Онда бала оқығандары туралы өз әсерлерін қысқаша жаза алады. Сонда кітаптың мазмұны есте қаларлық болады.
– Бүгінгі таңда біздің балалар оқудың негіздерін ғана түсінеді, оларға кітап оқуды жақсы көруге көмектесу керек. Кітапқа деген немқұрайлық баланың оқу үлгеріміне ғана емес, оның жалпы дамуына да кері әсер етеді, – дейді маман.
Педагог-психолог кітап оқуға қызығушылықты тудыру бойынша бірнеше лайфхактармен бөлісті:
- Балаға кітапты дауыстап оқып отырған кезде ең қызықты жерде тоқтап, кейін жалғастырамыз, деп айту керек. Кейін кітапты көрінетін жерде қалдырып кетіңіз. Шынымен, шығарманың сюжеті баланы қызықтырса, ол жалғасын өзі оқып алады. Бұл баланың өздігінен өз қалауы бойынша кітап оқи бастағандай сезінуіне мүмкіндік береді.
- Төсекте оқуға рұқсат етіңіз. Балаңызға ұйықтар алдында ұйықтай алатынын немесе кітап оқи алатынын айтыңыз. Әдетте, егер кітапқа қызығушылық танытса, онда олар оқуды таңдайды.
- Ешқашан баланы қызықтырмаса, кітапты соңына дейін оқуға мәжбүрлемеңіз. Себебі, бұл белгілі бір дәрежеде бостандықты шектеу сияқты болады, әсіресе қазіргі әлемде балалар өздерінің жеке кеңістігін, өз құқықтарын жақсы біледі.
- Оқылған кітаптың мазмұнын еске түсіріңіз. Баланың есінде қалғанын тексеру үшін фактілерді өзгертіп айтыңыз.
Кітапқа деген құрмет – қазірдің өзінде үйретуге болмайтын ішкі мәдениеттің деңгейі. Оны қоршаған ортадағы көріністер мен құбылыстар арқылы біртіндеп сіңіруге болады.