Жолдасының пікірі ұнамаған: Екібастұзда әйел полицияны әуреге салды
53 жастағы әйел мас күйінде Ломоносов көшесіндегі пәтерде отбасылық жанжал болып жатқанын айтып, қоңырау шалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, сағат 22.35 шамасында отбасылық жанжал туралы хабарлама түскен. Аталған мекенжай бойынша учаскелік полиция инспекторлары дереу жолға шыққан.
– Есікті әйел адам ашты. Бұдан бөлек, пәтерде күйеуі болды, ер адам тыныш қана теледидар көріп отырған. Күйеуі тәртіп сақшыларына полицияны шақырудың себебін түсіндіре алмады. Тәртіп сақшылары барлығын видеожетонға түсіргеннен кейін өтініш берушінің телефонына қоңырау шалды, телефон абоненті осы пәтерде тұратын жұбайына тиесілі екені анықталды. Ол жолдасының балалары туралы пікірі ұнамаған соң полиция шақырғанын түсіндірді. Пәтерде ешқандай заңсыз әрекеттер болмағаны анықталды, – деді Екібастұз қаласы полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Қанат Кәрімжанов.
Басқа жағдайда сағат 23.21 шамасында 54 жастағы әйел көршісі отбасылық жанжал шығарып жатқан басқа көршілеріне шағымданғанын хабарлады. Учаскелік бөлімшелер дереу шақыруға шығып, бұл пәтерде ерлі-зайыптылар тұратынын анықтаған. Отбасы ұйықтауға дайындалып жатқан. Учаскелік инспекторлар қоңырау шалудың себебін анықтау үшін бір сағатқа жуық уақыт кетірген. Әйел адам мас күйінде полицияға қоңырау шалып, шындыққа жанаспайтын мәліметтерді хабарлағанын айтқан.
Екі қала тұрғынына қатысты ӘҚБтК-нің 438-бабы 1-бөлігі – мамандандырылған қызметтерді көрінеу жалған шақыру бойынша әкімшілік іс қозғалып, 30 АЕК (103500 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.
Полиция департаментінде ойдан шыққан оқиғаға қатысты жалған шақырудың кесірінен біреудің өміріне кесірі тиюі мүмкін екенін ескертіп, полицияны тек көмек қажет болған жағдайда ғана шақыртуды сұрайды.