«Күміс жас» жобасы павлодарлықтарға қолайлы жұмыс көзін ұсынуда
Жобаға 50 жастан асқан жұмыссыз азаматтар қатыса алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық еңбек мобильділігі орталығында жүзеге асып жатқан игі бастамалардың қатарында «Күміс жас» жобасы бар. Ол - 50 жастан асқан жұмыссыз азаматтардың экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік жоба. Оған жасы елуден асқан әрі зейнеткерлік жасқа дейінгі тұрғындар қатыса алады. Ол үшін әуелі «Мансап» орталығына жұмыссыз ретінде тіркелуі шарт.
- Жоба аясында жұмыс берушіге қызметкердің жалақысын белгілі бір мөлшерде субсидиялау қарастырылған. Жұмыстың бірінші жылындағы субсидиялар мөлшері 1 айдан 12 айға дейін белгіленген жалақы мөлшерінің 70%-ы, бірақ 30 айлық есептік көрсеткіштен аспайды. Ал жұмыстың екінші жылына 13 айдан 24 айға дейін белгіленген жалақы мөлшерінің 65%-ы, бірақ 30 айлық есептік көрсеткіштен аспайды. Одан әрі жұмыстың үшінші жылына яғни 25 айдан 36 айға дейін белгіленген жалақы мөлшерінің 60%-ы, бірақ 30 айлық есептік көрсеткіштен аспайды. Жалпы алғанда жалақыны субсидиялау мерзімі 36 ай, - дейді еңбек мобильділігі орталығының директорының міндетін атқарушы Қазбек Жомартов.
Орталық басшысының айтуынша, «Күміс жас» жобасында оң нәтиже көрсетіп отырған мысалдар аз емес. Мәселен, «Күміс жас» жобасының қатысушысының бірі шарбақтылық Валентина Цыганокті атап өтуге болады.
Валентина Васильевна қазіргі уақытта «Карабаева» ЖК-де бухгалтер болып жемісті еңбек етуде. Ол өз ісінің нағыз маманы ретінде осы кәсіпорында үшінші жыл қатарынан жұмыс істеп келеді.
- Аталмыш бағдарлама аясында Валентина Васильевна өзінің кәсіби дағдыларын қолданып, ұжымның дамуына елеулі үлес қосуда. Бұл бағдарлама аға буын өкілдеріне еңбек нарығында сұранысқа ие болуға және өзінің жинақтаған мол тәжірибесін іс жүзінде асыруға зор мүмкіндік береді. «Күміс жас» жобасы — зейнеткер атануға сәл қалған азаматтардың тұрақты жұмыс орнын тауып, қоғамға пайдасын тигізуіне бағытталған маңызды қадам, - дейді ол.
«Күміс жас» жобасы аясында былтыр жоспар бойынша 865 адам қамтылу керек болса, өңірдегі «Мансап» орталықтары 887 адамды жұмыспен қамтуға көмектескен.
Ал биыл жыл басынан бері 11 наурызға дейін 226 адам аталмыш жоба аясында тұрақты жұмысқа қол жеткізген.