Күзде Баянауыл ауданында халық сұранысы бойынша үш ауылдың кірме жолы жаңарады

Күзде Баянауыл ауданында халық сұранысы бойынша үш ауылдың кірме жолы жаңарады
Константин Шелковтың фотосы

Соңғы үш жылда 209 шақырым жол жөнделді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Баянауыл ауданында Майкөбе, Шөптікөл және Сұлужон ауылдарына кіреберіс автомобиль жолдарын орташа жөндеу жұмыстары аяқталып қалды. Бұл мәселе 2023 жылы Майқайың кентінде облыс әкімі Асайын Байханов халықпен кездескен кезде көтерілген болатын. Сол уақытта жолдарды жөндеу туралы шешім қабылданып, жобалау жұмыстарына аудандық бюджеттен қаржы бөлінді.

2024 жылы Сұлужон ауылына қаражат қарастырылса, 2025 жылы Майкөбе мен Шөптікөл ауылдарына және Сұлужондағы екінші жобаға облыстық бюджет есебінен қаржы бөлініп, жұмыстар жүргізілуде.

Жөнделген учаскелердің ұзындығы мен құнына тоқталсақ: Майкөбе ауылы үш шақырым, құны 197,6 млн теңге, мердігер – «НУРАЛ» ЖШС, ал Шөптікөл ауылы – бес шақырым жол, құны 241,8 млн теңге, мердігер – «DAVO»  ЖШС, және де Сұлужон ауылы – 25 шақырым, құны 1 млрд теңге, мердігер – «НУРАЛ» ЖШС. 

Барлық жолдарға толықтай қайта өңдеу жасалып, бетон құйылып, асфальт жабындысы салынады. Жөндеу жұмыстары Қазақстан Республикасының құрылыс нормалары мен стандарттарына сай жүргізілуде.

Аудан әкімдігі Сұлужон ауылының кіреберіс жолының тоғыз шақырымына асфальт төсеу жұмыстарын 2024 жылы аяқталса, ал қалған 16 шақырымын асфальт төсеуді ақтау  2025 жылға көздеп отыр. 

Майкөбе және Шөптікөл ауылдарында жұмыстар 2025 жылғы шілде айында басталып, қыркүйекте аяқталады. 

Оның барысын Баянауыл ауданы экономиканың нақты сектор бөлімі, қоғамдық бірлестіктер, мәслихат депутаттары, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» және жергілікті тұрғындар бақылауда ұстап отыр.

–  Жөндеу аяқталған соң жедел жәрдем, мектеп автобусы және қоғамдық көлік қатынасы едәуір жақсарып, тұрғындардың кедергісіз қатынауына мүмкіндік туады. Бұл, өз кезегінде, ауылдарға инвестиция тарту мен туризмді дамытуға негіз болады, – деді Баянауыл аудан әкімінің баспасөз хатшысы Әлия Таукенова.

Ал болашақта, ауданда Қарашат–Жаңа Жайма тас жолы және Жаңатілек–Қаратомар аралығындағы 40 шақырым жол да жөндеуді қажет етеді. Жалпы, аудандық маңызы бар және ауылішілік жолдардың ұзындығы 663 шақырымды құрайды. Соңғы үш жылда 209 шақырым жол жөнделген.