Көлік министрі Павлодар жолшыларына: Битум тапшылығы болмайды
ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев Павлодар облысының тұрғындарымен кездесу өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Күн тәртібіне сәйкес ҚР Көлік министрлігінің құзыретіне кіретін мәселелер қаралды. Қала тұрғындарының бірі министрге қысқы уақытта жергілікті зауыттан битум шығаруға бола ма екені жайлы сауал жолдады.
– Битум – жолшылар үшін өткір мәселе. Бұрын қысқы уақытта желтоқсанда, қаңтарда алатын едік. Енді қазір желтоқсанда босатуға уәде берген, алайда тынышталып қалды және жуық арада бола қоймайтын тәрізді, – деді тұрғын.
Министр 2022 жылы битумға қатысты жағдай бұдан да күрделі болғанын айтып өтті.
– Биыл жағдай біршама жақсарды. Былтыр Қазақстанда өндірілген көлемнен басқа, Ресей Федерациясымен жүз мың тоннаға келісім жасаған едік. Оны маусым айының ортасында қолдандық. Кейін қосымша екі жүз тоннаға келісім жасалып, биыл толық пайдаланылды. Жалпы алғанда, өзіміздің миллион тонна өндірілген көлемнен басқа, екі жүз бартерлік болды, – дейді ол.
Марат Қарабаев келесі жылға Ресейден 300 мың тонна өнім сатып алу туралы келісім жасалғанын, қажеттілік туындаған жағдайда қосымша тағы 300-350 мың тонна алу жоспарланып отырғанын атап өтті.
– Соның нәтижесінде битум тапшылығы болмайды, – деп сендірді ол. – Қыс мезгілінде павлодарлық өнімді шығаруға болмайды, себебі ол басқа бағытқа бағдарланған.
Министрдің сөзінше, өткен жылы битумға квота үйлестірумен «ҚазАвтоЖол» ұлттық операторы айналысқан, алайда тұтынушылар тарапынан бұл процесстің ашықтығына қатысты күмән туындаған. Сондықтан келесі жылдан бастап жүйе цифрландырылады, яғни адами фактордың қатысы болмайды.