Шарбақтыдағы көктемгі егіс науқанының барысы қандай?

Шарбақтыдағы көктемгі егіс науқанының барысы қандай?
Фото: Валерий Бугаев

Өңір басшысы Асайын Байханов жұмыс сапарымен Шарбақты ауданы барып, көктемгі егіс науқанының барысымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аудан әкімі Сержан Иманқұловтың айтуынша, биыл аудан бойынша жалпы көлемі 216 193 гектар жерге егін егу жоспарланған. Оның ішінде 118 600 гектарға дәнді дақылдар, 74 500 гектарға майлы дақылдар себіледі. Сонымен қатар 159 гектарға картоп, 126 гектарға көкөніс егілсе, 22 808 гектар жер мал азығын дайындауға бөлінген.

Көктемгі егіс жұмыстарына қажетті минералды тыңайтқыштар толық алынған. Қазіргі уақытта күзгі жұмыстарға арналған тыңайтқыштар сатып алынуда. Ауданда негізінен селитра мен аммофос қолданылып жатыр.

–  Бүгінде ылғал жабу жұмыстары 97 пайызға орындалды. Егістік алқаптарын алдын ала өңдеу 30 пайызға, ал көктемгі дала жұмыстары 83 пайызға жетті. Қазіргі таңда 2 876 гектарға дәнді дақылдар, 1 450 гектарға майлы дақылдар егілді, – деді аудан басшысы. 

Жанар-жағармай мәселесі де бақылауда. Ауданға 2 940 тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлінген. Оның 52 пайызының ақысы төленсе, шамамен 40 пайызы аудан қоймаларына жеткізілген.

Техника жаңарту бағытында да жұмыстар жалғасуда. Қаржыландыру бағдарламалары арқылы да шаруаларға қолдау көрсетілуде. Биыл «Кең Дала 2» бағдарламасы аясында жеті өтінім мақұлданған. Бұл орайда аудан шаруашылықтары жалпы құны 1,3 миллиард теңгеге 11 бірлік жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған. Негізінен заманауи егіс кешендері алынған. Бір техниканың орташа құны 100-110 миллион теңгені құрайды. Сонымен қатар өзге бағдарламалар бойынша да өтінімдер қарастырылып жатыр.

Шаруалар өткен жылғы өнімнің жақсы болғанын айтады. Соның арқасында биыл ірі шаруашылықтардың бірқатары егіс жұмыстарын өз қаражаты есебінен жүргізуде. Сондықтан несиеге сұраныс былтырғы жылмен салыстырғанда төмендеген.

Сапар барысында облыс әкімі шаруалармен ашық пікір алмасты. Диқандар техникалардың ескіріп жатқанын айтып, жаңарту мәселесін көтерді. Өз кезегінде Асайын Байханов мемлекет тарапынан қолдау жалғасатынын жеткізді.

– Мұнда жұмыстың 99 пайызы – өздеріңіздікі. Қандай дақыл егуді, қандай сорт пен тұқым қолдануды өздеріңіз таңдайсыздар. Бастысы –кедергі келтірмей, керісінше қолдау көрсету. Қаржыландыру жағы біздің тараптан қамтамасыз етіледі, — деді облыс әкімі.

Айта кетерлігі, екінші жыл қатарынан қаржыландыру облыс әкімінің тапсырмасы бойынша ерте бөлініп отыр. Бұрын өтінімдер кейін қабылданса, қазір шаруалар желтоқсан айынан бастап құжат тапсыра алады. Бұл көктемгі науқанға алдын ала дайындалуға мүмкіндік берген.

Сонымен қатар облыс әкімі жер мәселесіне де тоқталды. Бүгінде пайдаланылмай жатқан жерлердің саны азайған. Шарбақты ауданы әкімінің сөзінше, қазір шағын шаруашылықтар ірі шаруашылықтардан жер сатып алып, өз жұмыстарын кеңейтіп жатыр.

Сапар барысында шаруалар жаңа технологиялардың тиімділігін де көрсетті. Биыл өңірде минималды және аралас топырақ өңдеу технологиялары қолданылуда. Сонымен қатар сыйымдылығы 100 литр болатын заманауи бүріккіштер пайдаланылып жатыр. Мұндай техника бір ауысымда 200–250 гектар жерді өңдей алады.