Көшпенділер ойындары: Павлодарлық театр сырға салу дәстүрін көрсетеді
Ж. Аймауытов атындағы қазақ-музыка драма театры қызу дайындық үстінде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Театр актрисалары 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында келін түсіруге арналған жөн-жоралғылардың ең алғашқы қадамы – «Сырға салу» рәсімін көрсетеді.
– Көшпенділер ойындарында еліміздің әрбір облысынан келген театр қазақтың ұлттық салт-дәстүрін көрсетеді. Біздің театр «Сырға салу» рәсімін ұсынады. Бұл – қазақтың ертеден келе жатқан дәстүрі. Айттырылған қыз қалыңдық атанып, сол сәттен бастап өзін жат жұрттық сезінеді, – дейді Ж. Аймауытов атындағы қазақ-музыка драма театрының көркемдік жетекшісі Әділет Ақанов.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Ж. Аймауытов атындағы қазақ-музыка драма театрынан барлығы он алты адам барады. Олардың ішінде «Мәдениет қайраткері» белгісінің иегерлері Талжібек Атамбек, Қарлығаш Жексембаева, Дина Құспан, Гүлжан Қайырбекова, Ақық Таспаева, «Дара» төсбелгісінің иегері Гүлжанат Омарова, Тұңғыш Президент сыйлығының лауреаттары Құралай Мұсанова, Айсұлу Балтабаева, жас актриса Айару Тұрсынбек бар. Ұзатылатын қыздардың рөлдерін Жанар Назикенова мен Фатима Сейіт ойнайды.
– «Сырға салу» рәсіміне дайындық алдында қазақ халқының ежелден келе жатқан салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпы жайлы кітаптарды зерттеп шықтық. Қыз ұзатқан апайдардың ақыл-кеңестеріне құлақ түріп, арнайы сценарийін жазып шықтық. Көшпенділер ойындарына жан-жақтан көптеген қонақтар келеді. Олардың алдында бес күн бойы бірнеше рет көрініс көрсетіледі. Сондықтан тыңғылықты дайындалдық, – дейді Әділет Ақанов.
Дәстүр бойынша құда түскенде келін алайын деп жатқан адамның тумаластары, ағалары бас-аяғы үш-төрт адам барып, қыздың ата-анасының алдынан өтеді. Өздерін таныстырып, келген шаруаларын айтып, құданың ауылынан хабар күткен.
Құда түсетін қыздың құлағына тек алтын сырға тағылады. Себебі, қазақ халқы қыз баланы «алтынға» балаған. Қыздың жеңгелері құдаларға қалыңдықты көрсетіп, көрімдік алған. Осы кезде жігіттің жеңгелері «құлағың жамандықты естімесін» деп қыздың құлағына алтын сырға тағып, бетінен сүйген. Сондай-ақ, жігіт жағы қыздың әке-шешесіне, туған-туыстарына әкелген сыйлығын береді.
Еске сала кетейік, әйелдерге сырға тағу дәстүрі Ыбырайым пайғамбар кезеңінен бастап сүннет болып қалған.