Павлодарда тас жолдарды жөндеу кезінде 125 миллион теңгеден астам қаражат жымқырылды
Екі күдікті үйқамағында отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті екінші жедел басқармасы басшысының орынбасары Николай Пахомовтың сөзінше, 2024 жылы сотқа дейінгі 32 тергеу тіркелді, оның 12-сі сотқа жіберілді. Залалдың жалпы сомасы 1,2 миллиард теңгені құрады, сегіз адам сотталды.
– Биыл ақпан айында департамент Павлодар қаласының түрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің өткізген мемлекеттік сатып алу шеңберінде облыс орталығындағы тас жолдарды ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша сотқа қылмыстық іс жолдады. Мемлекетке келтірілген залал сомасы 126,5 миллион теңгені құрады. Бұл 2024 жыл ішінде ең көп қаражат жымқырылған іс болып табылады, – деді Николай Пахомов.
Оның айтуынша, департамент жүргізген жұмыс нәтижелері бойынша мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде сметалық құнын асыра бағалау фактілері анықталды. Актілерде көрсетілген жұмыс көлемі толығымен орындалған жоқ. Екі күдікті мердігер үйқамағында отыр.