Кеншілер шаһарында салынып жатқан жаңа тұрғын үй қыркүйекте пайдалануға беріледі

Кеншілер шаһарында салынып жатқан жаңа тұрғын үй қыркүйекте пайдалануға беріледі
Фото: Константин Шелков

Нысанның құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Екібастұз қаласына арнайы жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Асайын Байханов 31-шағынауданда салынып жатқан үш кіреберісті бес қабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмысымен танысты.

Екібастұз қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімінің басшысы Ринат Шариповтың айтуынша, көпқабатты тұрғын үйдің құрылысында атқарылып жатқан жұмыстар бүгінде шамамен 95 пайызды құрайды. Бастапқыда нысанды тамыз айында пайдалануға беру жоспарланған. Алайда қаржыландыруға байланысты үйді тапсыру мерзімі қыркүйек айына ауыстырылған.

— 60 пәтерлі жаңа тұрғын үйде әртүрлі санаттағы 15 пәтер қарастырылған. Оның ішінде 10 үш бөлмелі және 5 төрт бөлмелі пәтер бар. Төрт бөлмелі пәтерлердің бір бөлігі ортаңғы кіреберісте орналасқан. Тұрғын үйлер ең алдымен көпбалалы отбасыларға беріледі, - деді Ринат Шарипов.

Бөлім басшысының мәлімдеуінше, барлық пәтерлер тұрғындарға таза әрлеумен тапсырылады. Ғимаратқа қатты шатыр орнатылып, терезелерді монтаждау жұмыстары қыркүйек айында толық аяқталады.

— Жоба аясында үйдің ауласы да толық абаттандырылады. Мұнда балалар ойын алаңы, спорт алаңдары және футбол алаңы салынады. Ал ғимараттың сыртқы келбеті қаладағы жаңа тұрғын үйлерге тән бірыңғай сәулеттік стильде, ашық түсті қасбетпен безендіріледі, - деді ол.

Бұған дейін пайдалануға берілген осы үлгідегі тұрғын үйлердегі пәтерлер толықтай иелеріне табысталған. Қазіргі уақытта тұрғындардың шамамен 80 пайызы қоныстанып үлгерген. Қалғандары өз талғамына сай қосымша жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Ал аталмыш үйдегі құрылыс жұмыстары толық аяқталса, пәтер кілтін алуға иелері дайын. Себебі пәтер санаты бойынша кезекте тұрған тұрғындарға бөлініп қойған.

Ринат Шарипов осы тұрғын үй пайдалануға берілгеннен кейін қалада салынып жатқан қалған төрт тұрғын үйдің құрылысын аяқтауға шамамен 5–5,5 миллиард теңге көлемінде қосымша қаржы қажет болатынын жеткізді.