Екібастұз МАЭС жылыту маусымына дайындықты аяқтады

Екібастұз МАЭС жылыту маусымына дайындықты аяқтады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұл туралы қала әкімі Аян Бейсекин мәлімдеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Әкімнің айтуынша, «Екібастұз МАЭС-1» кәсіпорнында қазіргі таңда 6 энергия блогы жұмыс істеп тұр. 

№5 энергия блогына жоспарлы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатса, №8 энергия блогында күрделі жөндеу жалғасуда. Станцияның күзгі-қысқы маусымға дайындығына сараптама жүргізіліп, тиісті қорытынды берілді, – деп жазды Аян Бейсекин Instagram парақшасында.

Сол сияқты, «Екібастұз МАЭС-2» станциясы да жылыту маусымына толық дайын. 

Мұнда №2 энергия блогына кеңейтілген ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды, ал №1 энергия блогындағы жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын, – делінген хабарламада.

Әкім атап өткендей, екі станцияда да қатты отын мен мазут қоры жеткілікті. Кәсіпорындар дайындық актісін алу үшін барлық қажетті құжаттарды тапсырған.

Аян Бейсекин кәсіпорындар басшылығына жөндеу жұмыстарын уақытылы аяқтап, жылу энергиясын үздіксіз беруді қамтамасыз етуді тапсырды. Ол жылыту маусымының өтуі облыс әкімі Асайын Байхановтың және өзінің тұрақты бақылауында екенін атап өтті.