«Холанд?»: «Ертіс» халықаралық үзіліс кезін қалай өткізуде?

«Холанд?»: «Ертіс» халықаралық үзіліс кезін қалай өткізуде?
Фото: «Ертіс» ФК

Футболшылардың көңіл-күйлері жақсы сияқты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарлық «Ертіс» халықаралық матчтарға байланысты туындаған үзілісті маусымның шешуші кезеңіне жоспарлы түрде дайындалу үшін пайдалануда. Клубтың әлеуметтік желілерінде көтеріңкі көңіл-күй сақталған: кезекті бейнероликтердің бірінде пресс-қызмет ұзын шашты жартылай қорғаушы Демият Сламбековті әлемдік футбол жұлдызына теңеп, «HAALAND? NO, IT’S @slambekov.d» деген әзіл жазба қалдырды.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от «Ертіс» ФК | Павлодар (@ertis_fk)

Айта кету керек, Демият — белгілі футбол әулетінің жалғастырушысы. Ол – қарағандылық «Шахтердің» аңызға айналған капитаны Қайрат Сламбековтің ұлы. Жалпы, «Ертіс» құрамында Қарағанды футболының өкілдері аз емес. Павлодарлықтар сапында «Шахтер» мен «Ертістің» бұрынғы танымал қақпашысы Даниил Рихардтың ұлы Мирас Рихард та өнер көрсетеді. Бұдан бөлек, команда намысын тағы бір қарағандылық футболшы Тимур Мұхамеджанов қорғап жүр.

Команда Павлодарда дайындықты жалғастырып жатқанда, «Ертістің» үш ойыншысы — Мирас Рихард, Рамазан Кәрімов және Сағи Мәлікайдар Қазақстан жастар құрамасының сапына шақырылды. Олар ЕУРО-2027 іріктеу кезеңі аясында үш матч өткізеді.

Үзілістен кейін павлодарлықтар Премьер-лига ойындарына қайта оралады: 10 қазанда «Ертіс» өз алаңында петропавлдық «Қызылжарды» қабылдайды. Қазіргі уақытта павлодарлық ұжым турнир кестесінде 11-орында келе жатыр және төменгі лигаға түсіп қалу аймағынан үш ұпайға ұзаған. Маусымның аяқталуына дейін командаға бес ойын өту керек.