KZCALL: Павлодарлық оқушылар бірнеше авторлық құқыққа ие болды

KZCALL: Павлодарлық оқушылар бірнеше авторлық құқыққа ие болды

Олардың бірі –  НЗМ 10-сынып оқушылары Алуа Жастілек, Айгерім Айтбаева мен информатика пәнінің мұғалімі Ольга Литвинова, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Назарбаев зияткерлік мектебі баспасөз қызметінің мәліметінше,  оқушылар жетекшісімен бірге «Жедел қызметтерге жылдам қоңырау шалу үшін KZCALL мобильді қосымшасын ойлап тапқан. Қосымшада құтқару қызметінің негізгі нөмірлері бар: жедел жәрдем, өрт, психологиялық және полиция. 

– Әрбір Android пайдаланушысы бағдарламаны тегін жүктеп алып, телефонына орната алады. Қосымша қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді. Бұл тек ересектер үшін ғана емес, тіпті әлі оқи және жаза алмайтын кішкентай балалар үшін де төтенше жағдайда жедел қоңырау шалуға көмектеседі, – дейді жоба авторлары. 

Ал 10-сынып оқушысы Аяна Қуандық жетекшілері – физика пәнінің мұғалімі Мөлдір Муғраж және тарих пәні мұғалімі Үмбетбек Райсбекпен бірге «Қазақ мәдениетіндегі физикалық құбылыстар мен астрономиялық бақылаулар» жобасына зерттеу жүргізген. Жоба  аясында оқушылар тек пәндік білімді біліп ғана қоймай, ұлттық құндылықтарды түсініп, өзінің салт-дәстүріне құрмет танытады. 

Бұл ретте физика пәнінде физикалық құбылыстар мен заңдылықтарды, астрономиялық жаңалықтар мен бақылаулар нәтижесін қазақ тарихымен, тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрімен ұштастыра оқыту оқушылардың пәнге деген қызығушылығын, зерттеушілік дағдыларын арттырады. Авторлар алдағы уақытта жобаны дамытуды жоспарлап отыр. 

Ал 10-сынып оқушысы Малика Дауленова  информатика пәнінің мұғалімі Алия Арингазиновамен бірлесіп, 9-сынып оқушыларына арналған химия пәні бойынша электронды анықтамалық түрінде бағдарламалық өнім әзірледі. 

Бағдарламаны әзірлеу барысында өзімнің бағдарламалау дағдыларымды жетілдірдім. Сонымен қатар анықтамаға арналған мәліметтерді таңдау барысында химия пәні бойынша білімімді кеңейттім, — дейді Малика.

Авторлар бағдарлама 9-сынып оқушыларының химиядан алған білімдерін бекітіп қана қоймай, химия саласындағы жаңа дүниелерді меңгеруге көмектесетініне сенімді.

10-сынып оқушылары Азамат Жакетаев пен Адель Қайырбаева орыс тілі пәнінің мұғалімдері Ғалия Аужанова мен Дина Даулетқұлованың жетекшілігімен «Павлодар облысы мен Павлодар бейнесі белгілі тұлғалар көзімен» атты жобаға авторлық құқық алды.