Ливияда су тасқынынан 3 мың адам қаза тапты
Ливияның солтүстік-шығысында алапат су тасқыны салдарынан кем дегенде 3 мың адам қаза тауып, 10 мыңнан астамы із-түзсіз жоғалды. Апатқа «Даниэль» дауылы әкелген нөсер жаңбыр себеп болды.
Бұл жайында ҚазАқпарат Еuronews-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Су тасқыны ескірген инфрақұрылымды, соның ішінде қорғаныс құрылымдарын қиратты. Ең көп зардап шеккен елді мекендердің бірі - Дерна қаласы.
«Дернаның оңтүстігінде екі бөгет құлады. Салдарынан ондағы су қалаға ағылды. Үш көпір толығымен опырылды. Қала аудандары суға толды, ал орамдары тұрғындарымен бірге теңізге шайылды», - деді Ливия армиясының ресми өкілі Ахмед әл-Мосмари.
Іздестіру жұмыстары кезінде табиғи апат құрбандарының саны артады деген қауіп бар.
Су тасқыны елдің онсыз да ауыр жағдайын күрделендіре түсті.
Ливияда 2011 жылы Каддафи режимі құлатылғаннан кейін билікке екі үкімет таласып жатыр: бірі – шығыста, екіншісі – батыста.
Ал жергілікті халық кедейшілікте күн кешіп жатыр.