Мәскеудегі маңызды кездесу: Қазақстан ШЫҰ-мен жаңа экономикалық кезеңге қадам басады
Кеңейтілген отырыста сауда, көлік, логистика, қаржы, цифрландыру және ЖИ салаларындағы әріптестік мәселелері қаралды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі Primeminister.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов Мәскеуде өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдер үкіметтері басшылары кеңесінің шағын және кеңейтілген құрамдағы отырысына, сондай-ақ Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен өткен ұжымдық кездесуге қатысты.
Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесу барысында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Ұйым құрылғаннан бері ШЫҰ елдерінің жаһандық экономикаға қосқан үлесі екі еседен аса өсіп, бүгінде 30%-дан жоғары. Қазақстанның ШЫҰ елдерімен тауар айналымы өткен жылдың қорытындысы бойынша 67 миллиард доллардан асты.
Кеңейтілген отырыста сауда-экономикалық ынтымақтастық, қаржы секторы, көлік және логистика, цифрлық сала, Жасанды интеллект (ЖИ), су ресурстары, экология және басқа да бағыттар бойынша өзара іс-қимыл талқыланды.
Олжас Бектенов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың еркін және әділ халықаралық сауданы дамытуға бағытталған бастамаларын қолдайтынын атап өтті.
– Бүгінде ШЫҰ елдері жаһандық ЖІӨ-нің үштен бірін қамтамасыз етіп отыр, өзара ішкі сауда көлемі бір триллион долларға жуық. Елеулі экономикалық әлеуетке ие ұйым тең серіктестік қағидатында жан-жақты экономикалық өсуді көздейді. Осы тұрғыда болжамды сауданы дамыту үшін қолда бар ресурстарды тиімді әрі прагматикалық пайдалану маңызды, – деді Үкімет басшысы.
Отырыста көлік-транзиттік ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылды. Еуразияның негізгі көлік хабтарының бірі ретінде Қазақстан теміржол, автожол, авиация және порт инфрақұрылымын жаңғырту арқылы транзиттік әлеуетін арттырып келеді.
– Еліміздің үстімен бес халықаралық теміржол дәлізі өтеді. Соңғы бес жылда Қазақстан арқылы транзиттік тасымал көлемі екі есеге жуық өсіп, өткен жылы 27,5 миллион тоннаға жетті, – деп мәлімдеді ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі.
Қазақстан ШЫҰ елдері іске асырып жатқан «Бір белдеу, бір жол» бастамасын ұлттық көлік дәліздерімен үйлестірудің мультипликативті әсер беретінін және бұл өнеркәсіп кооперациясы мен интеграциялық үдерістерді күшейтуге берік негіз болатынын атап өтті.
Жиында ШЫҰ-ны ЖИ саласындағы өңірлік көшбасшыға айналдыру мақсатында жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалану мәселелері де қарастырылды.
Сонымен қатар өнеркәсіп кооперациясы аясында ШЫҰ Даму банкін құру және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу тетігін енгізу маңызды қадам ретінде ұсынылды. Қазақстан бұл бағытта «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) әлеуетін пайдалануға дайын екенін білдірді.
Делегация басшылары өңірдегі тұрақтылықты нығайту және жаһандық экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін көпжоспарлы ынтымақтастықты дамытуға дайын екендерін растады.
ШЫҰ Үкімет басшылары кеңесінің қорытындысы бойынша сауда-экономикалық ынтымақтастық, көлік, әлеуметтік даму, қорғаныс және басқа да салалардағы әріптестікті нығайтатын бірқатар құжатқа қол қойылды.