Майқайың кенішінде топыраққа тағы да сканерлеу жүргізілді
Сканерлеу нәтижелері бойынша іздеу-құтқару жұмыстарының барысы түзетілетін болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, «Майқайың-алтын» АҚ аумағында іздестіру-құтқару жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде.
Ауыр техниканың көмегімен өткелді тереңдету жұмыстары жалғасуда. Барлығы 37 мың текше метрден астам топырақ пен тау жыныстары шығарылды.
– Жұмыс геосканермен атқарылуда. Нәтижесінде 7 қаңтарда 5 метр тереңдікте жер астында автобустың ықтимал орналасуы анықталды. 8 қаңтарда топырақты қайта сканерлеу жүргізілді, оның нәтижелері бойынша іздеу-құтқару жұмыстарының барысы түзетілетін болады, – деді департаментте.
Оқиға орнына ТЖМ, кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталығы, жергілікті атқарушы органдар, «Майқайың-алтын» АҚ, полиция және жедел жәрдем бөлімшелерінен барлығы 139 адам және 47 техника жұмылдырылды.
Жазатайым оқиғаның себептерін тергеу мақсатында ҚР ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Мұса Танабаевтың төрағалығымен комиссия жұмыс істейді.
Комиссия құрамына Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов, «Майқайыңалтын» АҚ бас директоры Қуаныш Ботин, өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті, еңбек басқармасы, кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы, кәсіподақ ұйымы департаментінің басшылары мен мамандары кірді.
Тергеу жұмысын жан-жақты ұйымдастыру және жазатайым оқиғаның себептерін анықтау үшін төрт сараптама ұйымының өкілдері тартылды.