Екібастұз әкімі жекпе-жектен Орта Азия чемпионымен кездесті
Спортшы шаһар басшымен өзінің жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Былтырғы жылдың наурыз айында аралас жекпе-жектен қазақстандық NAIZA лигасында Диас Еренғайыпов ең жеңіл салмақта чемпион атанған болатын. Желтоқсанда кәсібилігін дәлелдеп, белбеуін қорғап шықты. Екібастұз қаласының әкімі чемпионмен жүздесіп, оған құрмет білдірді.
– Біз жерлестеріміздің жеңісіне әрдайым қуаныштымыз. Әсіресе, осындай маңызды спорттық турнирлерде ел абыройын асқақтатқан спортшылардың еңбегі зор. Сіздегі бар қайрат, күш-жігеріңіз болашақта үлкен мақсаттарға жетелейтініне күмәнім жоқ. Біздің жеңістеріміз әлі алда, – деді қала әкімі Аян Бейсекин.
Диас Еренғайыпов FightMatrix нұсқасы бойынша ММА жауынгерлерінің әлемдік рейтингінде 27-ші орында. Ол «Yerengaipov team» жекпе-жек мектебінің бас тренері болып табылады. Клубтың командасы былтырғы жылдың тамыз айында ММА бойынша «Жас қыран» турнирін ұйымдастырды. Оған Қазақстаннан 160 спортшы қатысты.
– Біздің оқушыларымыз да әлемдік деңгейде керемет көрсеткіштерді көрсетуде. Сегіз тәрбиеленуші спорт шеберінің кандидаты, екеуі спорт шеберін қорғап шықты, – деді спортшы. – Болашақта тағы бір зал ашуды жоспарлап отырмыз.
Аян Бейсекин мұндай жарқын жетістіктер жас ұрпақ үшін мотивация беретінін жеткізді.
– Осындай нақты, жанды мысалдар спорттық инфрақұрылымды дамытып, жастарды бұқаралық және кәсіби спортқа тартуға септігін тигізеді, – деді қала әкімі.
Ол Диасқа әрі қарай белестерді бағындырып, әлемдік аренада туған қаланың тұғырын қорғауын тіледі.