Май ауданында пробацияда тұрған ауыл тұрғыны наубайхана ашты
Ол көптен бері жеке кәсібін ашуды армандаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Май ауданы пробация қызметінің қызметкерлері сотталған ауыл тұрғынына құжаттарын рәсімдеп, жеке кәсібін ашуға көмектесті. 30 жастағы Самат пробация қызметінде 2023 жылдың шілде айынан бері есепте тұрады. Ер адамның кәмелетке толмаған төрт баласы бар.
– Тіркеу кезінде сотталғанның наубайхана ашқысы келетіні анықталды. «Бизнес бастау» бағдарламасына қатысу үшін құжаттар мен қажетті сертификаттарды жинауға көмектестік. Самат екі айдан кейін жеке кәсібін тіркеп, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алды. Бүгінде кәсібін ойдағыдай дамытуда, – дейді Май аудандық пробация қызметінің аға инспекторы Омарғазы Мұқанов.
Кәсіпкерің айтуынша, оған үш жыл алты айға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған.
– Күніне 200-дей бөлке нан пісіремін. Балалар да демалыста көмектеседі. Ауылдастар нанды қуана сатып алады және дәмді екенін айтады, – дейді Саматтың өзі.
Ведомствоның хабарлауынша, қайталанатын қылмыстардың алдын алу аясында тергеудегілерге көмек көрсету мақсатында мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жүргізілуде.