Жолдағы жауапкершілік: Павлодар полицейлері мас жүргізушілерді анықтады
Өңірде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында рейдтік шаралар күшейтілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
өткен тәулікте өңір полицейлері барлығы 996 әкімшілік құқықбұзушылықты тіркеді. Оның 369-ы тікелей жол қозғалысы ережелеріне қатысты болса, төрт жағдайда жүргізушілердің ішімдік ішкені анықталды.
– Мәселен, Солнечный кентінде «Лада Приора» көлігінің жүргізушісі тоқтатылды. Медициналық сараптама оның алкогольдік ішімдік пайдаланғанын растады. Қазіргі уақытта көлік арнайы айыптұраққа қойылып, тиісті құжаттар рәсімделді, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Патрульдік полиция ротасының командирі Әсет Рыспаевтың айтуынша, мас жүргізушіні дер кезінде тоқтату – үлкен қайғының алдын алумен тең.
– Мас жүргізуші – жай ғана тәртіп бұзушы емес, ол айналасындағылар үшін үлкен қауіп көзі. Оның қателігі түзетуге келмейтін ауыр салдарға әкелуі мүмкін, – деді Әсет Рыспаев.
Ұсталған жүргізушілердің ісі жақын арада сотта қаралады. Тәртіп сақшылары жол үстіндегі немқұрайлылықтың соңы қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін екенін ескертіп, тұрғындарды жауапкершілікке шақырады. Полиция департаменті мұндай рейдтер алдағы уақытта да тұрақты түрде жүргізілетінін мәлімдеді.