Мектеп, спорт, робототехника... Ал бала қашан өзіне уақыт арнайды?

Мектеп, спорт, робототехника... Ал бала қашан өзіне уақыт арнайды?
Фото: жасанды интеллект

Қазіргі балалардың тығыз жүктемесі және оларда еркін қарым-қатынас жасауға, өз бетінше шешім қабылдауға, қателесуге әрі қарапайым өмірлік тәжірибе жинақтауға уақыт қала ма деген сұраққа балалар мен жасөспірімдердің өмірлік дағдыларын дамытуға арналған жобаның авторы, павлодарлық эксперт Надежда Домрачева жауап берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Неліктен қазіргі ата-аналар баланың бүкіл бос уақытын үйірмелермен, секциялармен және қосымша сабақтармен толтыруға тырысады?

Осы әрекеттің артында көп жағдайда ата-ананың шынайы қамқорлығы тұр деп ойлаймын. Біз балаларымызға өзімізде болмаған мүмкіндіктерді бергіміз келеді. Біреу баласы қатарластарынан қалып қоя ма, жақсы университетке түсе алмай ма, жетістікке жете алмай ма деп алаңдайды. Содан бара-бара баланың кестесінде сабақ неғұрлым көп болса, оны болашаққа соғұрлым жақсы дайындап жатырмыз деген сезім пайда болады.

Бірақ сабақтардың саны өздігінен табысқа, өзіне деген сенімділікке немесе дербестікке кепілдік бермейді. Сондықтан мен ата-аналарға уақыт өте келе өзіне мынадай бір сұрақ қойып тұруды ұсынар едім: «Мен қазір баламның қабілетін дамытып жатырмын ба, әлде оның болашағы үшін бойымды билеген мазасыздықты басуға тырысып жүрмін бе?».

Өйткені ата-ана ретіндегі біздің міндетіміз – баланың әрбір бос минутын пайдалы іспен толтыру емес, ең алдымен өз бетінше ойлана алатын, таңдау жасай білетін, шешім қабылдайтын және өз өмірін өзі құра алатын тұлға болып өсуіне көмектесу. Маған өскенде балаларымыз балалық шағын еске алғанда, тек сабақтар мен жетістіктерін ғана емес, сонымен бірге, жай ғана бала болып жүрген кездерінің қаншалықты жақсы болғанын еске алғаны өте маңызды болып көрінеді.

Балаға шамадан тыс жүктеме түсіп жатқанын қалай түсінуге болат? Ата-аналар жиі байқамайтын қандай белгілер бар?

Мен ең алдымен ата-аналарға үйірмелердің санына емес, баланың өз күйіне назар аударуды айтар едім. Бір бала бірнеше секцияға қуана барып, демалып та үлгеріп, өзін жақсы сезінуі мүмкін. Ал екінші бала керісінше, тіпті бір қосымша сабақтың өзінен қатты шаршауы мүмкін. Мұның бәрі жеке сипатта болады.

Егер шамадан тыс жүктеменің белгілері туралы айтар болсақ, ең алдымен баланың әдеттегі мінез-құлқындағы өзгерістерге назар аударған жөн. Мысалы, бала жиі ашуланып, болмашы нәрсеге жылайтын болды немесе ұйқысы бұзылады. Достарымен араласқысы келмей қалуы да мүмкін. Бұрын өзі жақсы көріп, айналысатын істеріне қуанбайтын болады. Кейде бала сабақ алдында басының немесе ішінің ауырғанына шағымдануы да мүмкін. Мұндай шағымдарды біздің кезімізде айтатындай «өтірік сылтау» деп елеусіз қалдырмаған өте маңызды. 

Бұдан бөлек, ата-аналар байқамай қалуы мүмкін тағы бір сәтті ерекше атап өтер едім. Бала сабағын жақсы оқып, мақтау қағаздарын алып, өте жақсы нәтижелер көрсетіп жүруі мүмкін, бірақ дәл осы сәтте эмоционалды түрде шаршауы да ғажап емес. Себебі жақсы бағалар мен жетістіктер әрдайым баланың өзін шынымен жақсы сезініп жүргенін немесе бұл жүктеменің оған лайықты екенін білдірмейді.

Сондықтан мен ата-аналарға тек «сабақ қалай өтті?» немесе «бүгін не үйрендің?» деп қана емес, сонымен бірге, «өзіңді қалай сезініп тұрсың?», «ол жерге әлі де барғың келе ме?», «уақытыңды не нәрсеге көбірек бөлгің келеді?» деп сұрап тұруды ұсынамын. Кейде біз баланың жетістіктеріне беріліп кететініміз соншалық, бұл табыстардың оған қандай бағамен келіп жатқанын сұрауды ұмытып кетеміз.

Балаға жай ғана ойнау, араласу және өзінің қызықты ісімен айналысуы үшін күніне қанша бос уақыты болғаны дұрыс?

Бұл жерде мен әрбір балаға бірдей келе кететін әмбебап бір сан айтпас едім. Көп нәрсе жасына, мектептегі жүктемесіне, денсаулық күйіне, темпераментіне және жеке қажеттіліктеріне байланысты. Бірақ мен бір нәрсеге кәміл сенімдімін – бос уақытта бала барлық тапсырманы орындап үлгерсе ғана қалатын «күннің кездейсоқ бір уақытында» болмауы керек, ол оның өмірінің толыққанды бөлігі болуы тиіс.

Егер балада мұндай уақыт мүлдем болмаса, ең болмағанда күн сайын ол үлкендердің жоспары бойынша ештеңе істеуге міндетті емес 30-60 минут босатып көруге болады. Бұл ғылыми норма немесе шекті меже емес, тек кестені қайта қарауға жасалған алғашқы қадам мен бағыт екенін бірден айта кетейін. Кейбір балаларға мұндай уақыт көбірек қажет болады.

Әрине, жеті жасар бала мен жасөспірімнің бос уақыты екі түрлі болады. Біреуі легодан бір нәрсе құрастырғысы келеді, екіншісі достарымен серуендегісі, үшіншісі сурет салғысы, музыка тыңдағысы немесе жай ғана жалғыз болғысы келеді. Осы орайда ата-аналарға ерекше айтқым келеді: бала өзінің бос уақытының әр минутын біздің, яғни ересектердің түсінігіндегідей пайдалы өткізуге міндетті емес. Біз де кейде жай демалғымыз, ешқайда асықпай, ештеңе жоспарламай және өткізген уақытымыз үшін ешкімге есеп бергіміз келмейді ғой. Ендеше, неге біз балалардан әрбір бос минуты міндетті түрде қандай да бір нәтиже әкелуі керек деп күтеміз? Кейде балаға жай ғана демалу қажет. Бұл – әбден жеткілікті.

Неліктен еркін ойын мен ештеңемен толтырылмаған уақыт баланың дамуы үшін педагогтармен өткізілетін сабақтардан кем түспейді?

Өйткені еркін ойында бала арнайы дайындалған сабақпен алмастыру мүмкін емес тәжірибе жинақтайды.

Әдеттегі бір жағдайды елестетіп көрейікші: бірнеше бала аулада жиналып, ойын ойнауға шешім қабылдады. Біреуі футболды ұсынады, екіншісі қуаласпақ ойнағысы келеді, ал үшіншісі тіпті өз ережелерін ойлап табады. Ары қарай не болады? Оларға бір-бірін тыңдау, келісу, рөлдерді бөлісу, ортақ шешімге келу қажет болады. Біреуі өкпелеуі мүмкін, біреуі келіспейді, дау туындайды. Ал балаларға осы жағдайдан шығудың жолын іздеуге тура келеді. Міне, дәл осындай қарапайым болып көрінетін сәттерде балалар қарым-қатынас жасау, қақтығыстарды шешу, ынтымақтастық пен дербестік тәжірибесін алады.

Себебі балаға басқа адамның пікірін ескеру неге маңызды екенін түсіндіру – бір басқа да, ал өзінің айтқанын орындату ғана емес, басқаны тыңдап, бәріне қолайлы шешім табу керек болатын шынайы жағдайға тап болуы – мүлдем басқа.

Сабақтарда педагог немесе бапкер көбіне ережелерді алдын ала белгілеп, процесті өзі ұйымдастырады. Ал еркін ойында баланың өзі бастама көтеруге мүмкіндігі пайда болады. Сондықтан мен ұйымдастырылған сабақтар мен еркін ойынды бөлек-бөлек салыстырмас едім. Олар бір-бірін өте жақсы толықтыра алады. Мәселе тек мынада: біз балаға ересектер ұсынған тапсырмаларды орындаушы ғана емес, сонымен бірге, өз идеялары мен шешімдерінің авторы бола алатын кеңістік қалдырамыз ба, жоқ па?

Егер баланың күні сағат бойынша жоспарланған болса – мектеп, репетитор, спорт, ағылшын тілі, үй тапсырмасы – ол неден айырылады?

Мен ең алдымен бала өз өмірінің кішкентай болсын бір бөлігін өзінше жұмсау мүмкіндігінен айырылу қаупі бар дер едім.

Баланың әдеттегі бір күнін елестетіп көріңізші: таңертең ата-анасы қашан тұру керектігін, не киетінін және сағат қаншада шығу керектігін айтады. Кейін өзіндік кестесі мен сабақтары бар мектеп басталады. Мектептен кейін – секция, одан соң репетитор, кешке үй тапсырмасы. Баланың бүкіл күні дерлік басқа адамдар тарапынан жоспарланып, ұйымдастырылған. Сырттай қарағанда бәрі дұрыс, бәрі де пайдалы, бәрі оның болашағы үшін жасалып жатқандай.

Бірақ өзімізге сұрақ қойып көрейікші: бала ересектердің кестесімен емес, өзінің қалауымен қашан өмір сүреді? Немен айналысқысы келетінін қашан таңдайды? Өз бастамасымен жаңа бір нәрсені қашан байқап көреді? Бағалар немесе жетістіктер үшін емес, жай ғана өзі қалағандықтан, ережелер ойлап табуды, жоспар құруды, уақытты бөлуді қашан үйренеді?

Өйткені мұндай тығыз кестенің артында бала тек бос уақытын ғана емес, өзін тереңірек танып-білу мүмкіндігін де жоғалтып алуы мүмкін. Өзіне не шынымен қызықты екенін, нені қалайтынын, не ұнайтынын және не ұнамайтынын түсіну мүмкіндігін айтамын.

Әрине, мен тығыз кесте әрбір балаға міндетті түрде зиян тигізеді деуден аулақпын. Бірақ оның қызығушылықтары мен жай-күйін де ескерген жөн. Өйткені бала өзі үшін жоспарлағанның бәрін үлгеріп орындауы маңызды емес. Оған өзі таңдау жасауға, байқап көруге, қателесуге, демалуға және бара-бара өз өмірінен не қалайтынын түсінуге мүмкіндігі болуы қажет.

Шамадан тыс жүктеме баланың дербес, өз бетінше болуына кедергі келтіруі мүмкін бе? Бұл жерде қандай байланыс бар?

Иә, кедергі болуы мүмкін, әсіресе, бала үшін барлық шешімді ересектер қабылдайтын болса. Дербестік, өз бетінше басқа да дағдылар сияқты он сегіз жасқа толғанда кенеттен пайда бола салатын нәрсе емес. Ол күнделікті тәжірибе арқылы біртіндеп қалыптасады. Ал бәрі өте қарапайым жағдайлардан басталады.

Мысалы, бала ауа райына сай киімді өзі таңдайды. Үй тапсырмасын қандай жүйемен орындайтынын өзі жоспарлайды. Бос уақытында немен айналысатынын өзі шешеді. Біреумен келісіп көруге тырысады.

Әрине, баланың барлық шешімдері мінсіз бола бермейді. Ол қателесуі, уақытты дұрыс есептемеуі, бір нәрсені ұмытып кетуі немесе бірінші реттен істей алмауы мүмкін. Бірақ тәжірибе дәл осылай жинақталады емес пе?

Егер ересектер оның әрбір қадамын үнемі бақылап, әрбір қателігін түзеп, дайын шешімдерді ұсына берсе, балада дербестікті үйренетіндей мүмкіндік болмайды. Біз балаларымыздың шешім қабылдай білгенін қалаймыз, бірақ оған шынымен жиі рұқсат береміз бе?

Бұл жерде сөз баланы қолдаусыз немесе бақылаусыз қалдыру туралы болып отырған жоқ. Тек есейген сайын, біз, ата-аналар баланың өзі шеше алатын мәселелер үшін жауапкершілікті біртіндеп оның өзіне тапсыруымыз керек.

Балаға қанша жерден «өз бетіңше бол!», «дербес бол!» деп қайталасақ та, бұл үшін ең алдымен оған өзі әрекет етуге мүмкіндік беретін кеңістік сыйлау қажет.

Бүгінгі таңда балаларға өз бетінше шешім қабылдауға, қателесуге, іші пысуға және немен айналысатынын өзі ойлап табуға қаншалықты мүмкіндік беріледі?

Маған бұл сұрақты ең алдымен біз өзімізге – ата-аналарға бағыттауымыз керек сияқты болып көрінеді. Біз жиі баламызды тек қауіп-қатерден ғана емес, кез келген жағымсыз әсерлерден де қорғап қалғымыз келіп тұрады.

Бірдеңе қолынан келмей жатса – тезірек өзіміз түзеуге асығамыз, біреумен ұрсысып қалса – татуластыруға тырысамыз, іші пысса – телефон немесе көңіл көтерудің жолын ұсынамыз, не таңдарын білмей жатса – орнына өзіміз таңдаймыз. Әрине, мұның бәрі көбіне ізгі ниеттен туындайды. Біз балаларымызды жақсы көреміз, олардың өмірін жеңілдетіп, көңіл қалудан сақтағымыз келеді.

Бірақ бұл жерде маңызды сұрақ туындайды: егер біз күрделі сәттерді үнемі баланың орнына өзіміз бастан өткере беретін болсақ, ол не үйренеді? Меніңше, балалардың қателесуге құқығы болуы керек.

Мен қауіпті жағдайлар, қорлау немесе буллинг туралы айтып тұрған жоқпын – мұнда әрине біз араласуға және қорғауға міндеттіміз. Мен ең қарапайым өмірлік тәжірибе туралы айтып отырмын.

Мысалы, бала сабаққа бір нәрсені дайындауды ұмытып кетті немесе қандай да бір тапсырманы орындай алмады – бұл сәтсіздікті жай ғана бастан өткеру емес, сонымен бірге «келесі жолы мұны басқаша қалай жасауым керек?» деп ойлануға мүмкіндік. Дәл осындай сәттерде біз балаға өз бетінше қорытынды жасап, қайтадан әрекет етіп көруді ақырын ғана үйрете аламыз.

Сонымен қатар, мен баланың іші пысуынан да қорықпас едім. Кейде балаға ешкім дайын көңіл көтеруді ұсынбаған кезде ғана ол өз бетінше бірдеңе ойлап таба бастайды. Бала өміріндегі әрбір уақыт аралығын ата-аналар дереу толтыруға міндетті емес.

Ата-аналар қай сабақтардың балаға шынымен қажет екенін, ал қайсысы мазасыздықтан немесе «мүмкіндікті жіберіп алмайын» деген тілектен пайда болғанын қалай түсіне алады?

Бұл жерде мен ата-аналарға ең алдымен өздерімен, содан кейін баламен ашық әрі шынайы сөйлесуден бастауды ұсынар едім. Бірнеше қарапайым сұрақ қойып көріңіздер:

  • Неліктен біз дәл осы сабақты таңдадық? Балаға шынымен қызықты болғандықтан ба, әлде бізге солай істеу керек сияқты болып көріне ме?
  • Бұл іс баланың өзіне ұнай ма? Ол мұнда қандай көңіл-күймен барып, үйге қандай сезіммен оралады?
  • Егер бұл сабақтар үшін мақтау қағаздары, медальдар немесе сертификаттар берілмесе, ол ары қарай қатысуды қалар ма еді?
  • Оның достарына, демалуға және өзінің жеке қызығушылықтарына уақыты қала ма?
  • Егер біз балаға бұл сабақтардан сәл демалуды ұсынсақ, ол ренжи ме, әлде керісінше жеңілдеп қала ма?

Әсіресе, үшінші сұрақ өте маңызды. Өйткені кейде балалар бір нәрсемен өзіне қызықты болғандықтан емес, нәтиже, ата-ананың мақтауы үшін немесе олардың үмітін ақтамай қалудан қорққандықтан айналыса береді.

Әрине, кез келген оқу күш-жігерді, төзімділікті, тәртіпті талап етеді. Және әрбір сабақ әр минут сайын қуаныш сыйлауы міндетті емес. Бірақ егер бала айлар бойы бір жерге тек «солай керек» болғандықтан ғана барып жүрсе, мұның оған шынымен қандай пайда әкеліп жатқанын анықтап алған жөн. Баланың әрбір бос сағаты – бұл жіберіп алған мүмкіндік емес. Кейде дәл осы бос сағаттың өзі даму үшін ең қажетті мүмкіндік болып табылады.

Егер бала ата-анасы көп уақыты мен ақшасын жұмсаған үйірмеден немесе секциядан өзі кеткісі келсе не істеу керек? Оған кетуге әрдайым рұқсат беру керек пе?

Мен бұған кесіп-пішіп «иә» немесе «жоқ» деп жауап бермес едім. Бұл жерде баланың неліктен сабақты тоқтатқысы келетінін алдымен анықтап алу маңызды. Мүмкін ол алғашқы қиындықтарға тап болып, көңілі қалған шығар. Мүмкін басқа балалармен керісіп қалған болар. Әлде қызығушылығы шынымен сөніп қалды ма немесе жай ғана қатты шаршады ма? Бұлар – мүлдем әртүрлі жағдайлар және әртүрлі тәсілді талап етеді.

Сондықтан, ең алдымен, ата-аналарға баламен жаймен сөйлесуді ұсынамын. Ешқандай жағдайда кінәлап, ренжуден бастамау керек: «Бұған қаншама ақша жұмсадық, ал сен қазір тастап кеткелі тұрсың!» деп емес, нақты не нәрсе ұнамай бастағанын, не өзгергенін анықтауға тырысқан жөн.

Егер балаға қиын болып жатса, бұл сабақты дереу тастау керек дегенді білдірмейді. Қиындықтарды талқылауға, көмек ұсынуға, оқу орнымен шағын сынақ мерзімі туралы келісуге болады. Бірақ егер бала үнемі қатты күйзелісті бастан кешірсе, оны қорласа жеке басына тиіссе немесе өзін қауіпсіз сезінбесе, жарты жылдық оқудың ақысы төленіп қойғаны үшін ғана ары қарай баруды талап етудің керегі жоқ.

Тағы бір айта кететін жайт – ата-аналарға жұмсалған ақша, уақыт пен күш-жігер үшін өкінішті болуы мүмкін, бұны түсінуге болады. Бірақ қаржылық салымдарды бала ақтауға міндетті үмітке айналдырмау маңызды. Сонымен бірге, жауапкершілікті де ешкім жокқа шығармайды.

Баланың команда алдындағы міндеттемелерін бірге талқылауға болады, мысалы, егер маңызды жарыстар жақындап қалса және оған үміт артып отырса, ағымдағы кезеңді аяқтау мүмкіндігін және болашақ жоспарларды сөйлесуге болады. Баланы алғашқы қиындықтан-ақ берілмеуге үйрету – сөзсіз маңызды. 

Егер баланың кестесінде тек бір ғана «бос терезе» қалдыруға мүмкіндік болса – үлкендер оны немен толтырмағаны абзал? Бұл уақытта не болуы керек?

Мен бұл уақытты баланың өзіне қалдырар едім. Міндетті дамытушы тапсырмаларсыз, қосымша сабақтарсыз және қандай да бір нәтиже көрсету қажеттілігінсіз. Өзіне не қызықты екенін өзі шешсін. Мүмкін ол серуендегісі, сурет салғысы, ойнағысы немесе жай ғана жатып демалғысы келетін шығар. Ал ата-аналарға мұндай сәттерде үнемі араласып, бұл минуттарды қалай пайдалырақ өткізуге болатынын ұсына берудің қажеті жоқ.

Біз балалық шақты жетістіктер арқылы бағалауға соншалықты үйреніп кеткенбіз, тіпті кейде демалыстың өзін кезекті пайдалы әрекетке айналдыруға тырысамыз. Бірақ балаға керегі басқа – одан ештеңе талап етілмейтін уақыттың болуы. Баладан ең үздік, табысты, ынталы болу талап етілмейтін кез. Жай ғана бала болып қала алатын сәт.

Балаларымыз өскенде, өмірде тек мектепте алған білімнің өзі жеткіліксіз болады. Олар өз бетінше шешім қабылдап, жауапкершілік алуды, адамдармен тіл табысуды, қиындықтарды жеңуді, өзін түсініп, өмірден өз орнын табуды үйренуі керек.

Ата-ана ретінде біздің міндетіміз – балаларға білім мен мүмкіндік берумен қатар, өз тәжірибесі арқылы үйренуіне де жол ашу. Өйткені біз оларға екінші балалық шақты сыйлай алмаймыз. Сондықтан қателесіп, сабақ алып, өз бетінше шешім қабылдауына мүмкіндік бергеніміз маңызды.