Павлодардағы АХАТ жанынан Аналар кеңесінің кабинеті ашылады
Қоғамдық жұмыс аясында мұнда кезекшілік ұйымдастырылып, кеңес беріледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы «Салауатты сана» жобасы аясында өткен «Қоғамдағы бес әлеуметтік кеселдің алдын алу жолдары» атты семинарда Павлодар облысы аналар кеңесінің төрайымы әрі «НҰР-АНА әлемі» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Бақытжамал Максилова мәлім етті.
Оның айтуынша, аналар қауымдастығы жаңа кабинетте жас отбасыларға, сондай-ақ ажырасу алдында тұрған немесе кеңеске мұқтаж жандарға қолдау көрсетуді жоспарлап отыр.
- «Аналар кеңесі» кабинеті отбасылармен әңгімелесіп, жүйелі жұмыс жүргізу үшін қажет. Егер бұл бастаманы жүзеге асырсақ, ажырасу саны азаяды. Балалар қолайлы ортада өседі, бақытты отбасылар көбейеді, немере мен шөбере сүйеміз. Бұл - қоғамды жақсартуға жасалған тағы бір қадам. Біз кезекшілік ұйымдастырып, тұрақты түрде жұмыс істейміз. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында бізде қазірдің өзінде үш кабинет бар, алдағы уақытта тағы да ашуды жоспарлап отырмыз, - деді Бақытжамал Максилова.
Еске сала кетейік, Павлодарда әлеуметтік сын-қатерлерге қарсы тұру және отбасылық құндылықтарды нығайту жолдарын талқылауға арналған семинар өтті. Іс-шара «Салауатты сана» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Талқылауға аналар кеңесінің мүшелері, психологтар, полицейлер мен педагогтар қатысты. Олар қоғамдағы бес келеңсіздіктің алдын алу мәселесін көтеріп, тәжірибе алмасты. Арнайы қонақтар ретінде Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары аналар кеңестерінің төрайымдары шақырылды.
АХАТ жанынан ашылатын жаңа кабинет - алдын алу жұмысының маңызды тетіктерінің біріне айналмақ. Диалог, қолдау және дер кезінде айтылған сөз арқылы талай отбасының сақталып қалуына мүмкіндік береді.