Мемлекет басшысы әйелдер қауымын 8 наурыз мерекесімен құттықтады

Мемлекет басшысы әйелдер қауымын 8 наурыз мерекесімен құттықтады
Фото: Ақордадан

Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шарада сөз сөйледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

– Ең алдымен, көктемнің шырайлы мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Бұл мейрам – мейірім мен жылулықтың, даналық пен сұлулықтың нышаны. Әйел – тіршіліктің тірегі, берекенің бастауы. Бұл – ақиқат. «Бесікті де, әлемді де тербеткен» әйелдің жүрегі – ізгіліктің мекені. Сондықтан әйелдің қадірі – елдің қадірі деп айтсақ артық болмайды, - деді Президент.

Президент көктемнің шырайлы мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, тарихта ерлігімен есте қалған арулар туралы айтты.

– «Қыздың қырық жаны бар» деп халқымыз бекер айтпаған. Рухы мықты қайсар қыздарымыз ұлт жылнамасында өшпес із қалдырған. Тұмар ханым, Айша бибі, Домалақ ана, Сүйінбике, Айғаным ханша мен Зере ананың есімдері ел жадында мәңгі қалады. Бүгінде Сіздер аса құрметті аналарымыз және апаларымыз салған дара жолды лайықты жалғастырып келесіздер. Қыздарымыз ел игілігі жолында табысты еңбек етіп, Қазақстанның дамуына орасан зор үлес қосып жатыр, - деді Мемлекет басшысы. 

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Ата Заңымызда Қазақстан халқының бірлігін, этносаралық, конфессияаралық келісімді, толеранттылықты нығайтатын нормалар барын тілге тиек етті. 

- Жаңа Конституцияны қабылдау, бұл – уақыт талабы, мемлекетіміздің алдында тұрған өзекті, шұғыл міндет. Бас құжаттың жобасы Қазақстанның тұғыры берік, бағдары айқын, алысқа көз тігетін озық ойлы ел екенін көрсетеді. Оның әр нормасы ұлт мүддесіне қызмет етеді. Ата Заң жобасында Әділдік пен Отаншылдық, Заң мен Тәртіп, Тазалық пен Адалдық қағидаттары айқын көрініс тапты. Біз бәріміз бір ұлт болып тарихи жолдың торабына жеттік, енді халқымыз келе жатқан жалпыхалықтық референдумда ел тағдырына әсер ететін таңдауын жасайды. Мен жаңа Конституцияның мән-маңызына жақын арада тағы да кеңірек тоқталамын, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 Жиын соңында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі cіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі, сондай-ақ әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны үшін бір топ қыз-келіншек мемлекеттік наградалармен марапатталды.