Референдумде дауыс беруге арналған бюллетеньде екі жауап ұсынылады
Қазақстанда атом электр станциясын салу бойынша өткізілетін референдум кезінде дауыс беруге арналған бюллетень таныстырылды, деп хабарлайды @Zakon.kz.
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сабила Мұстафинаның айтуынша, сайлаушыларға «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген бір сұрақ қойылады.
– Дауыс берушінің таңдауына екі жауап ұсынылады: «иә, келісемін» және «жоқ, келіспеймін», – деді Сәбила Мұстафина 16 қыркүйекте өткен ОСК отырысында.
Бюллетеньдер қазақ және орыс тілдерінде басылып шығарылады. Референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізіміне 12 млн 245 мыңға жуық адам енгізілген. Барлығы 12 млн 367 мың бюллетень дайындалады.