Олжас Бектенов: «Инфляцияны төмендету міндеті өте маңызды»

Олжас Бектенов: «Инфляцияны төмендету міндеті өте маңызды»
Фото: primeminister.kz

Премьер-Министр Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің отырысын өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Кеңес отырысында инфляцияны тежеу жөніндегі шаралар және елдің алдағы жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының параметрлері қаралды.

Ұлттық банктің мәліметінше, биылғы маусым айының қорытындысы бойынша инфляция жылдық мәнде 11,8%-ды құрады. Бұл көрсеткішке әлемдік нарықтардағы тұрақсыздық, тарифтік реформалар, тұтынушылық сұраныстың артуы және инфляциялық күтулер сияқты ішкі және сыртқы факторлар әсер еткен.

Бағаның өсуін тежеу мақсатында Үкімет Ұлттық банкпен және жергілікті атқарушы органдармен тығыз жұмыс жүргізіп жатыр. Ұлттық Банктің қатысуымен қысқа және ұзақ мерзімді инфляцияны бақылау және төмендету шаралары әзірленген. Құжат қазіргі уақытта Үкімет қарауында және жақын арада қаулы ретінде қабылданбақ.

Шаралар кешені мыналарды қамтиды:

  • ішкі өндірісті ұлғайту;
  • тарифтік саясаттың болжамдылығын арттыру;
  • базалық тауарлар бағасын тұрақтандыру;
  • инфляциялық күтулерді төмендету.

Сондай-ақ, сауда үстемелерін бақылау және ішкі нарықты отандық өнімдермен қанықтыру жұмыстары жалғасуда.

Ұлттық экономика министрлігі хабарлауынша, жыл басынан бері 1 847 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген. Бұл 15% шекті сауда үстемесін бұзумен байланысты. Бұған қатысты жауапкершілік те күшейтілді: ескертудің орнына тікелей айыппұлдар қолданылады.

Коммуналдық қызметтер тарифтерінің негізсіз өсуін шектеу нәтижесінде, инфляцияға қосымша қысым 0,5 пайыздық тармаққа төмендетілді.

Кешенді шаралар 2023 жылы инфляциялық қысымды 4,16 пайыздық тармаққа, ал 2024 жылы 2,3 пайыздық тармаққа төмендетуге ықпал еткен. Қазір бұл жоспарлар 2026 жылға дейін ұзартылды.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметіне сәйкес, Қазақстанда сиыр еті, картоп, сәбіз, пияз және қырыққабат сияқты негізгі өнімдердің бағасы ЕАЭО мен Орталық Азия елдеріне қарағанда 30-50% төмен.

2025 жылдың басынан бері нарықтық бағадан төмен бағамен 3 мыңнан астам ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді. Сонымен қатар, 30,3 мың жеткізу келісімшарты жасалып, Қытай, Пәкістан және Өзбекстаннан көкөністер жеткізілді.

Жұмыртқа бағасы 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 8,7%-ға төмендеді. Күнбағыс майының өндірісі 15%-ға өсіп, ішкі қажеттіліктен екі есе артық өнім берілді. 2025 жылдың қаңтар-маусымында өндіріс көлемі 388 мың тонна, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21,3%-ға артық. Экспорт көлемі 294 мың тонна, өсім – 41%.

Қазір қуаттылығы 421 мың тонна болатын 5 қайта өңдеу зауыты салынып жатыр. Сонымен қатар, картоп пен мал экспортына шектеу енгізілген.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар–мамыр айларында ауыл шаруашылығы өнімі 4%-ға өсіп, 1,3 триллион теңгені құрады. Азық-түлік өндірісі 10,5%-ға артқан. Импортқа тәуелді 289-ын қоса алғанда, барлығы 677 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

Жиын соңында Премьер-Министр Олжас Бектенов инфляцияға қарсы саясат жүйелі әрі тиімді болуы тиіс екенін атап өтті. Қабылданған шаралар бойынша Үкімет пен Ұлттық банк келісе отырып іс-қимыл жасау керектігінің маңыздылығына баса назар аударылды.