Мемлекет басшысы Astana LRT жүйесін іске қосу рәсіміне қатысты
Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы қоғамдық көлік қозғалысын бақылайтын Бірыңғай диспетчерлік орталықтың жұмысымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасай отырып.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек LRT жобасын іске қосу аясында арнайы диспетчерлік қызмет құрылғанын пайымдады. Оның сөзінше, қоғамдық көлік қозғалысын бақылау және қызметін реттеумен 21 маман айналысады.
LRT жүйесіндегі әр құрам 600-ден астам жолаушыны тасымалдауға арналған. Ұзындығы 22,4 шақырым болатын желіде 15 құрам жүргізушісіз қозғалады, тағы төрт құрам резервте болады. Жүйедегі басқару, жылдамдықты реттеу, тежеу, есікті ашу және төтенше жағдайдағы әрекеттер толықтай автоматтандырылған. Сонымен қатар қолмен басқару және диспетчермен байланысқа шығу мүмкіндігі де қарастырылған.
Жоба аясында 18 станция мен заманауи депо салынған. Бағыттың толық ұзақтығы шамамен 40 минутты құрайды. Құрамдар сағатына орта есеппен 50-60 шақырым жылдамдықпен қатынап, әр 5-6 минут сайын жүреді.
CTS компаниясының төрағасы Асылбек Дүйсебаев Президентке LRT жүйесінің іске қосуға толық дайын екенін баяндады.
– Құрметті Президент мырза, LRT бойынша барлық жұмыстар аяқталды. Сынақ мерзімі ойдағыдай өтті. Сіздің тапсырмаңыз орындалды. LRT жолаушыларды қабылдауға дайын. Құрметті Президент мырза, LRT жүйесін іске қосуға ресми түрде рұқсат беруіңізді сұраймын, – деді ол.
Мемлекет басшысы ұсынысты қолдап, жобаны іске қосуға рұқсат берді. Осылайша, елордадағы жеңіл рельсті көлік жүйесі жолаушылар тасымалын бастауға дайын екені ресми түрде мәлім болды.