Мемлекет басшысы Павлодар облысының әкімін қабылдады

Мемлекет басшысы Павлодар облысының әкімін қабылдады
Фото: Ақордадан

Асайын Байханов Президентке өңірдің былтырғы және 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында баяндады,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Аймақ басшысы  өңір экономикасына шамамен 1,3 триллион теңге инвестиция тартылып, өсім 47 пайызды құрағанын айтты. 

Сонымен қатар, былтырғы жылдың қорытындысына сәйкес, Павлодар облысында барлық негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалатыны жөнінде баяндады.   

- Инвестиция тарту жөнінен облыс республикадағы көшбасшылардың бірі саналады. Былтыр өнеркәсіп өндірісінің көлемі 4,1 триллион теңгеге жетті. Елімізде өндірілетін көмір мен ферроқорытпаның 58 пайызы, электр қуатының 42 пайызы Павлодар облысына тиесілі, - деді облыс әкімі.

Асайын Байханов ауылшаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 9,6 пайызға артып, 571,4 миллиард теңгеге жеткенін мәлімдеді.

- Ылғал үнемдеу технологиясын қолдану бойынша Павлодар облысы өңірлер арасында алдыңғы қатардан көрініп, шаруалар картоп, күнбағыс және қарақұмықты мол жинады, - деді ол. 

Кездесуде әлеуметтік міндеттемелердің орындалу барысы туралы да ақпарат берді. 

- Өңірде 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, қалаларда 2 мектеп және ауылдарда 3 мектеп, сондай-ақ 30 денсаулық сақтау нысаны бой көтерді. Биыл тағы 2 мектеп салу және әлеуметтік маңызы бар 5 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланған, -  деді өңір басшысы.  

Бұдан бөлек, былтыр ауылдардың барлығы таза ауызсуға қол жеткізгенін мәлімдеді. Сонымен қатар, өңірдің үш қаласындағы қоғамдық көлік паркі толық жаңартылғанын да тілге тиек етті. 

- Жақсы жағдайдағы автокөлік жолдарының үлесі 96 пайызға көбейіп, 621 шақырым автокөлік жолы және ауыл ішіндегі көшелер жөнделді. Биыл өңірдегі перспективті ауылдардың кіреберіс жолдарын асфальттау жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр, - деді кездесуде.   

Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпір салу, әуежайдың ұшу-қону жолағын және «Шахтер» саябағын жаңғырту, трамвай паркін жаңарту, үшінші ГРЭС салу және «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасын жүзеге асыру жөніндегі Президент тапсырмаларының орындалуы жайында есеп берді. 

Президент Екібастұз қаласының әуе қатынасын дамытуға ерекше назар аударып, облыс әкіміне шаһарда жаңа әуежай ашу мәселесін жан-жақты пысықтауды тапсырды. 

- Бұл жобаны іске асыру өңірдің көлік-транзит әлеуеті мен инвестициялық тартымдылығын арттыра түседі. Сонымен қатар өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан одан әрі дамуына тың серпін береді, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы инвестиция тарту, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және инженерлік-коммуникациялық кешенді жаңғырту жұмыстарын жалғастыру жөнінде міндет жүктеді.