Павлодар облысында мұғалімдер мен шенеуніктер өзара мықтыны анықтады

Павлодар облысында  мұғалімдер мен шенеуніктер өзара  мықтыны анықтады
ЖИ иллюстрациясы

Тартысты бәсеке бес кезеңнен тұрды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

Тереңкөл ауданында «Не? Қайда? Қашан?» зияткерлік додасы өтті. Тартысты сайысты аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі аудандық кітапханамен бірлесіп ұйымдастырды. Білім саласының намысын «Табиғи интеллект» командасы қорғаса, мемлекеттік қызметтегілер «Парасат» тобы болып бірікті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесудің басты мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, қазақ тілінде еркін сөйлеуге деген қызығушылықты арттыру және кітап оқу мәдениетін насихаттау.

Ойын бес раундқа созылды. Қатысушылар тек білімдерін ғана емес, логикалық ойлау қабілетін, тапқырлығын және ұжымда жұмыс істей білу шеберлігін көрсетті.

Нәтижесінде тартысты бәсекеде «Парасат» командасы, яғни мемлекеттік қызметшілер жеңіске жетті. Барлық қатысушылар мен жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Ауданда мұндай зияткерлік кештер алдағы уақытта да жалғасын таппақ.